Quantcast
Channel: Басты ақпарат –Астана Ақшамы
Viewing all 2842 articles
Browse latest View live

Жол картасымен жұмыс тапты

$
0
0

Қазір не көп, бағдарлама көп. Бірақ «Жұмыспен қамтудың жол картасы» атты бағдарламаның жөні бөлек. Бүгінге дейін бағдарлама бойынша 15 572 елорда тұрғыны нәпақасын тапты. Қала басшылығы еңбек адамдарына қолайлы жағдай жасауды, жұмысқа орналасуға көмектесуді басымдыққа алып отыр. Бұл ұстаным Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Жауапты мемлекет – жауапты қоғам – жауапты адам» жүйесі берік орнығуы тиіс» деген саясатымен толық үндеседі.

Елордада Жұмыспен қамтудың жол картасы бағдарламасын жүзеге асыруда биыл жоғары нәтижеге қол жеткізілді. Бағдарлама аясында қазір Нұр-Сұлтан қаласында 15 572 адам жұмыс істеуде. Оның 7 910-ы – Халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмыс тапқандар. Бұл туралы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының VII съезінде айтылды.

Аталған орталықтың мәліметтеріне сүйенсек, Жол картасымен құрылысшы, сантехник, дәнекерлеу­ші, клинингтік қызмет көрсетушілер, ауыр жүк көліктері мен жүк көтергіш жүргізушілері, жол жөндеу­ші, аспаз, есепші, бетоншы, техникалық сатып алулар бойынша маман, инженер, электрик жұмысқа орналасыпты. Бағдарлама аясында мектептер, ауруханалар, құрылысы тоқтап тұрған көп қабатты тұрғын үйлер жөнделіп, инженерлік-көлік инфрақұрылымдарға күрделі орташа және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ көгалдандыру, абаттандыру бойынша құрылыс саласына қатысты бос жұмыс орындары ұсынылады.
Биыл елордада 151 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылады. Қазіргі таңда 45 жоба бойынша жұмыстар аяқталды. Осы жобаларды жүзеге асырған мердігер мекемелерде 1 469 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Жұмыспен қамтудың жол картасы бағдарламасының келесі жылға арналған жобасы 1 желтоқсанға дейін әзірленуі тиіс. Оны Ұлттық Банк пен Үкімет бірлесе жүзеге асырады. Бағдарламаға қатысушылар 85 000-250 000 теңге көлеміне жалақы алады. Ол жұмыскердің қызметі мен атқарған жұмысына байланысты тағайындалады. Жол картасы бойынша бос жұмыс орындары туралы мәліметтер www.enbek.kz порталында жарияланады. Халықты жұмыспен қамту орталығы Бейбітшілік көшесі, 25, «Өркен» ІО-да орналасқан.


Музей ісіне жаңа көзқарас қажет

$
0
0

Биыл халықаралық музей күніне орай UNESCO мен Халықаралық музейлер кеңесі музейлердің коронавирус пандемиясынан қатты зардап шеккенін мәлімдеді. Атап айтқанда, бүгінгі таңда мұражайлардың 90 пайызы немесе 85 мыңнан астам музей жабылған. Әлемдегі музейлердің 13 пайызы есігін қайта ашпауы мүмкін дейді музейтанушы мамандар. Ендеше Қазақстандағы музейлердің жағдайы қандай? Пандемия біздің музейлерге қалай әсер етті деген тақырып аясында Санкт-Петербургте Қазақстан музейлерінің стратегиясы мен технологиясы тақырыбында диссертация қорғаған, музей ісі бойынша сырт елде оқып, алғаш рет магис­трлік дәрежесін алған отандық музей маманы, Kazmuseum.kz сайтының бас редакторы Нұрсерік ­ЖОЛБАРЫСПЕН әңгімелескен едік.

– Сіз музей ісі жөніндегі жас мамансыз, ендеше әңгімеміздің басында еліміздегі музейлердің санынан айта кетсеңіз.
– ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің мәліметінше, елімізде 245 музей бар. Бұл тізімге жекеменшік музейлер, оқу орындары жанынан құрылған және корпоративтік, ведомстволарға қарасты музейлер кірмеген. Мұндай музейлердің бізде нақты есебі жүргізілмеген. Дегенмен әр жерде түрлі дерек көрсетіліп жүр. Министрлік есебін жүргізген мемлекеттік музейлерге қайта оралатын болсақ, музейлер басқарылуы жағынан республикалық және жергілікті атқарушы органдарға қарасты болып бөлінеді. Жаңа атап өткен 245 музейдің 18-і – республикалық дәрежедегі музейлер. Қалғаны жергілікті атқарушы органдарға қарайды.
– Әлемдік жағдайдан алып қарағанда, Қазақстандағы музейлердің дамуы қандай?
– Қазақстандағы музейлердің жағдайына біржақты баға бермес едім. Заманауи трендтен қалыспай келе жатқан музейлер соңғы кезде жиіледі. Бұл салада әр музей өзінше әрекет етіп келеді. Бізде облыстардағы немесе аудандағы музейлерді шетелдің ірі музейлерімен салыстырып қарайтын жағдайларды жиі кездестіремін. Ірі музейлерімізді шетелдік танымал музейлерімен салыстыруға болатын шығар. Ал облыс пен аудан музейлерін шетелдің аймақтарындағы музейлерімен салыстырып қарап көрсек, біздегі музейлердің дамуында ілгерілеу байқалады. Өкінішке қарай, бәрі деп айта алмаймын.
– Музейлердің қазіргі уақыттағы проблемаларын атай аласыз ба?
– Музей ісінде кедергілер жиі кездеседі. Олардың қатарына қаржыландыру, кадрмен қамтамасыз ету, әдістемелік қолдау сияқты проблемаларды жатқызуға болады. Жергілікті мәдениет басқармалары музейлердің осы проблемаларына назар аударғаны жөн. Қандай себеппен екені белгісіз, музей ұжымдары ұсынған жобалар жергілікті мәслихаттардан қолдау таппай, соның әсерінен көп бастама идея күйінде қалып жатады. Кейбір облыстарда бір реттік науқандарды қолдап, бюджеттен қыруар қаржы бөліп жатқанын көріп отырмыз. Мәдениет және спорт министрлігі жанынан Музей ісі жөніндегі көркемдік кеңес құрылған. Сол кеңесте осы мәселелерді көтеріп, минис­трдің деңгейінде талқылап жүрміз.
Музейлерде кадр тап­шылығы да байқалады. Қазақстандағы 4 ЖОО музей мамандарын дайындайды. Олар дайындаған мамандар республиканың барлық өңірін қамти алмайды. Оның үстіне жалақысының аздығы, стимул болмауы себепті бұл мамандыққа талапкерлер де аз болып отыр. Бұл жағдайды ҚР Білім және ғылым министрлігінің мемлекеттік тапсырысты белгілі бір мамандыққа емес, мамандық топтарына беруі де жағдайды қиындатып жіберді. Бұрын «музей ісі және ескерткіштерді қорғау» мамандығына тапсыратын болса, қазір талапкерлер «тарих және археология, музейтану» тобына тапсырады. Осы топқа балы жетіп, грантқа түскен соң мамандығына барады. Егер музей ісін оқығысы келіп, таңдаған мамандығында студент саны аз болса, ЖОО басшылығы оған осы топтағы басқа мамандыққа ауысуды ұсынады. Яғни, бір мамандықта 1-2 студентті оқытуды ЖОО үшін тиімсіз деп санайды. Нарық заңы болған соң мұнымен амалсыз келісесіз. Бірақ талапкердің мамандық таңдау құқығы мен мәдени мұраны қорғау ісін екінші орынға қоюға тағы да болмайды. Биылғы 2020-2021 оқу жылында «музей ісі және ескерткіштерді қорғау» мамандығына еліміз бойынша 1 студент ғана түсті. Оның өзінде Ақтөбе облысы әкімдігінің дербес грантымен түсті. Ал ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан берілген білім гранттарының тағдыры жоғарыдай атап өткенімдей, музей ісі мамандығына жетпеді. Бұл іске Мәдениет және спорт министрлігі араласқаны жөн.
– Пандемия кезінде әлемде көптеген музейлер жабылды. Ал Қазақстандағы музейлердің арасында біржола жабылғандары бар ма?
– Қазақстандағы музейлердің барлығы мемлекет есебінен қаржыландырылатындықтан музейдің қаржы-материалдық ресурстарында қиындықтар бола қоймады. Ал АҚШ, Еуропа елдерінің және көрші Ресейдің музейлері пандемияның салдарынан кіріс көзі мүлде азайғанын айтады. Мысалы, Вена өнер музейі, Рейксмузейум, ­Амстердамның қала музейі аптасына 100 мыңнан 600 мың € дейінгі аралықта кіріс көзінен айырылған. Ресейлік Эрмитаж жартыжылдық кіріс көзінен, яғни 2,5 млрд рубльден айырылып қалуы мүмкін екенін жариялады. Пандемия әсерінен мүлде табысынан айырылған музейлер де жоқ емес. ICOM пайымдауынша, музейлер мемлекет қолдауынсыз пандемия әкелген зардаптардан шыға алмайды.
Ал Қазақстанға оралатын болсақ, елімізде пандемияға байланысты қаржы көздерін қысқарту немесе қайта бөлу болғаны белгілі. Бұл музей саласын да айналып өтпеді. Кейбір жобалар кейінге қалдырылды. Бірақ ҚР Мәдениет және спорт министрлігі жыл сайынғы «Рухани қазына» фестиваліне бөлінген қаражатты қысқартпай, фестиваль аясында өтетін конкурста музей мен музей мамандары үшін номинация санын көбейтті. Есесіне online түрде өткен осы конкурс біраз музейлерге демеу болды. Мұны министрлік тарапынан зор қолдау деп айтуға болады. Бір қуантарлығы, осындай дүрбелең кезеңде елімізде бірде бір музей жабылмады. Керісінше, қазір жұмыс­тарын қалпына келтіріп, санитарлық нормаларды сақтай отырып, келушілерді қабылдауды бастап кетті.
– Біз бірде «мұражай» десек, бірде «музей» деп, әлі күнге дейін бір атауға тұрақтай алмай жүргеніміз жөнінде не айтасыз?
– Музей саласының мамандары бұл мәселе бойынша ортақ пікірге тоқтады. Яғни, «мұражай» сөзінің орнына «музей» сөзін қолданамыз деп келістік. ҚР Мәдениет туралы Заңының қазақ тіліндегі редакциясына 2015 жылғы 28 қазанда өзгеріс енгізіп, заңдағы «мұражай» сөзін «музей» деп алмастырып, бұл мәселені біржақты етті. Сондықтан заңда көрсетілген нұсқасын пайдаланған жөн. Ал оның неге «мұражай» емес «музей» екені БАҚ беттерінде талай жазылды.
– Қазақстандағы музейлердің кірісі қалай? Жаңа әдістерді қолданып, музейлердің кірісін арттыруға мүмкіндік бар ма?
– Қазақстандағы музейлердің кірісі туралы ашық деректер өте аз. Бірлі-екілі музей болмаса, барлығы бірдей кірісі туралы жариялай бермейді. Оның үстіне музейлер коммерциялық емес мекеме болғандықтан, табыс табуды көздемейді. Түскен кірісті табыспен шатастырмаған жөн. Түскен қаражат кейде жұмсалған шығынды ақтамай жатады. Музейлер кіріс көзін арттыру үшін түрлі ақылы жобаны қолға алады. Жаңа әдістерді қолдана отырып, музейлердің кірісін арттыруға болады. Ол музей басшылығына байланысты. Қазіргі заманауи музейдің басшысы ол үшін ғалым ғана емес, мықты менеджер болуы да тиіс. Музейдің менеджменті мен маркетингтегі қадамы дұрыс болмаса, кіріс көзінің артпайтыны анық. Біздің елде осыған жіті мән берілуі қажет. Италия, Ұлыбритания және өзіміздің көршілеріміз – Ресей мен Өзбекстан музей басшысын таңдауда жаңа әдістерді қолға ала бастады. Бұрын музей директорының орнына конкурс жарияланатын болса, аталған елдерде қазір музей директорының орнына емес, музейдің жаңа бесжылдық концепциясына конкурс жарияланады. Үміткер-авторлардың азаматтығына шектеу қойылмайды. Қай автор-үміткер алдағы 5 жылда музейді дамыту арналған мықты концепция ұсынып, оны дәлелдей алса, сол үміткер-автор музейге басшы болады. Бізге де осы әдістерді енгізу керек.

 

Туризмге не тосқауыл?

$
0
0

Жақында Парламент мәжілісінде туристік қызметке қатысты заң жобасы талқыланды. Отырыста Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин «туристік қызметті дамыту жөніндегі заң жобасын пайдаланып, бюджет қаражатын жеке секторға құюдың еш қажеті жоқ. Ұлттық компаниялар арқылы бюджетті жеке секторға бере салсақ, кейін ебін тауып есеп береді де құтылады. Сондықтан біздің компаниялардың бәсекеге қабілетін арттыру керек. Ол үшін туристік компанияларды жинап, тыңдап, олардың негізгі мәселесін ұғып алу керек. Компанияларды құрып тастаған салалар жетерлік. Өздерін «ауқатты бизнесмен» санайды, бірақ оның барлық бизнесі мемлекеттік және квазимемлекеттік тендерге байланған. Соқыр тиын инвестиция, бір технология да алып келген жоқ» деп ащы шындықтың бетін ашты.

Қазақстанда туризмнің барлық түрін дамытуға қажетті шарт-жағдай толық. Географиялық және климаттық жақтан алып қарасақ та Қазақстанның оңтүстік, солтүстік, батыс, шығыс өңірлерінің табиғаты, ауа райы бір-бірінен өзгеше. Бұл Қазақстанда жыл бойы, төрт маусымда да туризм шаруашылығын шалқытуға аса тиімді. Көрінісі көз сүріндіретін Бурабай, Баянауыл, Катонқарағай, Қарқаралы сияқты көркем өңірлер де, Шарын шатқалы, Сақ қорғаны, Маңғыстау түбегі сияқты ғажайып жерлер де, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Айша бибі, Арыстан баб кесенесі сияқты мәдени, тарихи мұралары да, Каспий, Балқаш көлі, Алакөл сияқты жағажайдың кереметін сезіндіретін сулы алқаптар да көп. Шыңға шығушыларды, тауға өрмелеушілерді, құмды шөлді жаяу немесе велосипедпен аралаушыларды, шаңғы тебушілерді баурауға да Қазақстанның мүмкіндігі мол. Ал мәдениет, салт-дәстүр тұрғысынан сөз қозғасақ, қазақ ұлтының бай салт-санасымен, ұлттық ойындарымен де саяхатшыларды баурауға болады. Бірақ біздің ел сол деңгейге жете алмай отыр. Себебі Қазақстан Үкіметі туризмді дамыту туралы сан түрлі жоспарлар жасағанымен, оның қайтарымы шамалы. Былайша айтқанда, «үйдегі есепті базардағы сауда бұзады» дегендей, Парламент қабырғасында отырып жасай салған заң-закондар тұсаулы аттай тыпырлаған туризмге тың серпін бере алмай отыр. Қанша жоспар жасалғанымен, туристік орындардың көбінің шарт-жағдайы әлі нашар. Бәрі маусымдық сипатты саяхаттың шеңберінен шыға алмайды. Жаздың бір-екі айында ішкі және сыртқы туризм аздап жанданғаны болмаса, қалған уақытта «қысқы ұйқыға» кетеді. Инфрақұрылымдары да дамымаған. Бурабай сияқты шарт-жағдайы көрімдеу өңірлердің бағасы қазақстандықтардың табатын табысымен салыстырғанда өте қымбат. Осыдан барып елімізде «Бурабайда бір апта демалғаннан Дубайға барған тиімді» дейтін көзқарас қалыптасқан. Ал Шығыс Қазақстан облысы сияқты саяхат шаруашылығын дамытуға сұранып тұрған өңірлердің туризмге қатысты мәселесі шаш етектен.
Шығыс Қазақстан облысына барған саяхатшылардың Берел қорымы мен Рахман Қайнарына ат басын бұрмайтыны кемде кем. Бірақ бұл өңірдің табиғатын көріп тамсанғаныңмен, жолын көрсең қарның ашады. Соңғы жылдары салынған асфальт жолдың өзі қазақ тарихында ғана емес, тұтас адамзат мәдениетінде айрықша маңыз алатын Берел қорымына жетпеген. Атап айтқанда, Катоннан ары салынған жол Бұқтырмадан өтіп, айналып Ақбұлғақ өзенінің жағасына келгенде пышақпен кескендей шорт үзіледі. Арғы жағында таяқ тастам жерде Берел қорымы тұр. «Қазақ мәдениетінің алтын ескерткіші» саналатын сол қорымға тәуелсіздік алған 30 жылдан бері он шақырым жол да салынбапты. Жататын қонақ үй де, ыстық шай ішетін асхана да жоқ. Аз дегенде 200 шақырымға жуық жол жүріп барған саяхатшылар шағын музейді, тарихи қорымды көреді де қайтады. Дүниеге әйгілі тарихи орны бар, табиғаты сыңсыған әсем өлкедегі туризмге осындай ғана жағдай жасалғанда оның арғы жағындағы Рахман Қайнары туралы айту артық. Асқар тауға жыланша өрмелеген тас жолда тұғыры биік машина, тәжірибелі жүргізуші болмаса, екінің бірі қой тастардан қарғытып көлік жүргізе алар емес…
Біз бұл арада Берелді тектен-текке ауызға алып отырғанымыз жоқ. Берел – Қазақстан туризмнің бренді болуға лайық жер. Тарихы адамзаттың біздің заманымыздан бұрынғы 3-4 мың жылынан сыр шертсе, табиғаты көрген жанға таңдай қақтыратын мұндай әсем өлке әлемде кемде кем. Міне, осындай тарихы да, табиғаты да өзгеше өңірде туристерге ешқандай жағдай жасалмағанын ескерсек, біздің үкіметтің туризмді дамытамыз дегені баянсыз жоспар емес пе деген ойға келесің.
Бір қызығы, сол Берелдің өзінде инвесторлардың қаржы салуына жан-жақтан қат-қабат тосқауылдар қойылған. Мәселен, Берелден «қонақ үй салып, асхана ашып, туристік әлеуетін көтерейік» деп талпынған қалталы азаматтар да болыпты. Бірақ ақыр аяғында құжат жұмысынан шаршап, үмітін үзіпті. «Берелден асхана, қонақ үй салу үшін Мәдениет және спорт министрлігі, ұлттық парктерді басқару орны және жергілікті әкімшілік сынды 3-4 құзырлы орынның рұқсатын алу керек екен. Бірақ бұл мекемелердің арасындағы жұмыс бөлінісі анық емес. Бірі біріне сілтейді, бірі мақұлдаған нәрсені екіншісі теріске шығарады. Бүйтсе қайтып жұмыс жүреді» деп кейістік танытты атын атамауды өтінген бір ағамыз. Демек, Қазақстан үкіметі туризмді дамытамыз деп ұрандағанымен, оны дамытудың және инвесторларды ынталандырудың тетігін әлі күнге дейін дұрыс шеше алған жоқ.
Екінші тұрғыдан алғанда, шағын кәсіпкерлікпен шұғылданатын азаматтардың туризммен айналысуына берілетін мүмкіндіктен гөрі аяғынан шалатын кедергілер көп. Ынтымақ Әбеу есімді азаматтың Бурабай маңынан жеке меншік жер алып, енді сол жеріне туристерді қабылдайтын қонақ үй, асхана салу үшін құжат жұмыстарын бітірем деп табанынан тозып жүргеніне бір жылға таяпты. Қазірге дейін сол салаға қатысты «алпыс ата, жетпіс жездесін» түгендеген ол да тығырыққа тірелгенін айтады. Еліміздің заңы бойынша, ауылдың шетіндегі өз жерін пайдалану үшін де сол ауылдағы тұрғындардың алдынан өтіп, келісімін алуы керек екен. Ал ауыл тұрғындары «ақшаң көп болса ауылдың ауызсу мәселесін шешіп бер немесе мектеп құрылысына көмектес, содан кейін саған қол қойып берейік, әйтпесе сенің жеке пайдаң үшін рұқсат бере алмаймыз» деп кері толғапты. «Мен қолымдағы қаржымды жол жөндеп, мектеп салуға жұмсасам, ертең туризм саласымен қалай айналысамын? Есесіне саудам жүрсе, жұмысшының бәрін сол ауылдан алсам, ет, сүт өнімдерін де сол ауыл тұрғындарынан сатып алсам, оларға да тиімді болады деп ойлап едім. Саяхатшы көбейсе, ауыл тұрғындары да ақша таппай ма? Бірақ заң солай» деп басы қатып отыр.
Демек, елімізде кәсіпкерлердің туризм шаруа­шылығымен айналысуына кедергі көп. Кәсіпкерлер шағын қаржымен туризм саласына араласайын десе, көп тосқауылға жолығады. Ал бірден миллиардтап қаржы салғанмен, бірер жылда шығынын өтей алмайтындықтан, ірі кәсіпкерлер Қазақстанның туризм саласына көп қаржы салғысы келмейді. Оның үстіне кәсіпкерлердің табысына ортақтасқысы келіп, әлімжеттілік жасайтын қолының бүрі бар шені барлар да жоқ емес.

 

Еңбек идеологиясын насихаттау керек

$
0
0

Қазір төрт жыл оқыған дипломын сандыққа салып қойып, жанына жақын өзге кәсіпті қысқа мерзімде меңгеріп, нан тауып жүрген жастар көп. Таңнан кешке дейін жұмыстан бас көтермейтін сіз бен бізге қарағанда, кәсіпкерлердің уақыты да, табысы да жетерлік. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында кәсіптік білім мен кәсіпкерлердің жаңа буынын қалыптастыруға басымдық берді. Осыған орай, кәсіби білім беру мәселесі туралы Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының депутаты, Жоғары көлік және коммуникациялар колледжінің директоры Зұлфұхар Ғайыповпен сұхбаттастық.

– Кәсіби білім берудің бүкіл жүйесін еңбек нарығында сұранысқа ие білікті мамандар қалыптас­тыруға бағыттағанымыз жөн бе?
– Әрине, сұранысқа ие білікті маман дайындау – басты мақсатымыз. Қазір кез келген оқу орнының білім деңгейі түлектерінің жұмысқа орналасуымен өлшенеді. Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында кәсіптік-техникалық білім саласын дамытуға ерекше көңіл бөлді. Бұған дейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жастарға тегін кәсіптік-техникалық білім беру жобасы іске асырыла бастаған еді. Қазіргі күнде бұл жоба қоғамдағы жастарды еңбекке баулуда. Елордада мемлекеттік және жекеменшік 33 орта білім беретін оқу орны бар. Колледждерде 27 мыңға жуық студент білім алуда. Соның ішінде 14 мыңнан астамы мемлекеттік тапсырыс арқылы оқиды. Жыл сайын біз еңбек нарығына көптеген мамандар дайындап шығарудамыз. Бірақ солардың бәрі нарыққа жарамды ма? Сұранысқа ие білікті мамандар қалыптастыру үшін Білім және ғылым министрлігі оқу орындарын мамандандыру керек деп отыр. Қазір біздің қоғамда «гуманитарлық-техникалық» деген сөзді жамылып жүрген, атына заты сай емес оқу орындары бар. Мамандандырудың басты мақсаты – оқу орындарын не бірыңғай гуманитарлық бағытқа, не техникалық бағытқа көшіру. Мысалы, біздің көлік және коммуникациялар колледжі тек техникалық бағыттағы мамандықтарды оқытады. Мамандандырылған оқу орындарының артықшылықтары көп. Оларға әлеуметтік серіктестермен байланыс орнату, келешекте түлектерін жұмысқа орналас­тыру, кәсіптік бағдар беру мәселелері қиындық тудырмайды. Кезінде Жапонияда білім беру сапасын көтеру үшін не істеу керек деген сұрақ туындаған екен. Сол кезде қоғам сала қызметкерлерінің еңбекақысын көбейтуден бастаған деген бір миф бар. Сол сияқты біздің елімізде де соңғы уақытта білім саласында көптеген жағымды өзгерістер жасалуда. Соның бірі де бірегейі былтыр педагогтардың тамыз конференциясына тарихымызда бірінші рет Президент қатысып, баяндама жасады. Сонда Мемлекет басшысы 2020 жылдан бастап мұғалімдердің жалақысын 25 пайыздан сатылап көтеруді тапсырды. Сонымен қатар «Педагогтардың мәртебесі» туралы заң да қабылданды. Бұрын білім саласында жаңадан келген жас маманға тәлімгер болу мәселесі көтерілген еді. Көп жағдайда жас мамандар жұмысқа бейімделе алмай кетіп қалатын. Қазір білім беру орындарында жас мамандарға тәлімгерлік, әдістемелік жағынан көмек береміз. Нәтижесінде қазір мектептер мен колледждерде жастардың үлесі көбейіп жатыр.
– Қоғамдағы техникалық мамандықтың көбін өзге ұлт өкілдері меңгерген. Ал біздің қара домалақтар кәсіптік білім алудан неге қашады?
– Дұрыс айтасыз. Біздің жастар барлығына бірден қол жеткізе салсам екен дейді. Еңбектің қадірін түсінбейді. Бұрын біздің кезімізде қалай еді?! Мектепті 25 бала бітірсек, соның 80-90 пайызы техникалық білім алатын. Қазіргі ата-аналар балаларына «Неге заңгер болмайсың, неге милиция болмайсың? Оқуға түсіп ал, сосын бір жерге кірсең аштан өлмейсің» деп тәрбие береді. Өзге елдердің орта білім беретін мекемелерінде техникалық қызметкерлер жоқ. Олардың студенттері еденді өздері жуып, өздері тазалайды. Осылайша балаға кішкентай кезінен бастап еңбектің қадір-қасиетін ұғындырады. Ал біз арасында сенбілік өткізсек, балалар тап-таза болып киініп келіп, шіреніп тұрады. Баланы еңбекке баулу отбасынан басталуы керек. Білген адамға сантехник – жұмысшы мамандықтардың ішіндегі ең элитасы. Өйткені ол далада кірпіш қаламайды, жаңбырдың астында қалмайды. Жып-жылы үйде жұмыс істейді. Енді сол салада қазақтың балалары аз. Бізге еңбек идеологиясын насихаттау керек. Таңнан кешке дейін әртістерді көрсете берудің қажеті жоқ. Бұрын Кәмшат Дөненбаева деген Қостанайда тракторист апамыз, екі рет Социалистік Еңбек Ері атанған қойшы Жазылбек Қуанышбаев атамыз, Алматының бүкіл құрылысында ізі қалған атақты құрылысшы Шопанаевтың бригадасы болды. Сол кезде жастар сол кісілерге қарап бой түзейтін. Себебі еңбек адамдарын мемлекеттік деңгейде жарнамалады. Жастар техникалық мамандыққа келсін десек, сол сала мамандарын насихаттауымыз керек. Ел боламыз десек, жастардың бойындағы еңбекке деген құрметті арттырғанымыз жөн. Нарыққа керек мамандарды дайындауымыз керек. Ол үшін арнайы органдар бірігіп, болашақта қай мамандыққа қажеттілік туатынын анықтаса. Алғаш қар түскенде бәріміз машинамыздың дөңгелегін ауыстыруға барамыз. Сол кезде кілең қара көз кезекте тұрмыз. Жұмыс істеп жүргендер – басқа ұлт өкілдері. Солардың күндік табыстары кейбір кісілердің айлық табысынан жоғары.
– Грант үшін ғана оқитын жастар көбейіп кетті. Орта білім болсын, жоғары білім болсын бітіргеннен кейін мамандық бойынша жұмыс істемейді. Сол жағы қалай? Техникалық мамандықтарды оқыған студенттеріңізге жұмыс ұсынушылар бар ма?
– Бізде он алты мамандық бар болса, соның алтауын дуаль­дық оқыту жүйесі бойынша әлеуметтік серіктестермен бірігіп оқытудамыз. Осыдан 2 жыл бұрын «Қамқор вагон» «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының құрамдас бөлігі 14 баланы оқытып беріңіздер деп арнайы сұрау салды. Сол студенттердің бәрін 100 пайыз оқыттық. Барлығы жұмысқа орналасты. Дәл сол сияқты басқа да серіктестерімізбен тығыз байланыстамыз. Білікті мамандар ешқашан жұмыссыз қалмайды. Біз оқу жоспарын жасағанда жұмыс беруші тараппен келісе отырып дайындаймыз. Сонда біздің оқу орынды бітіріп барған бала ертең мекемеде тұрған құрал-жабдықтарды қайта барып үйренбейді. Себебі ол оның барлығын практикалық түрде үйреніп, дайын күйде барды. Ал көп оқу орындарындағы оқу жү­йесінің бұлай ұйымдастырылмауына бір ғана кедергі – оқу базасындағы материалдық техниканың ескілігі. Баяғы кеңес заманынан қалған құрал-жабдықтар тұр. 2014 жылы энергияны қайта өңдейтін лаборатория аштық. Енді Ерейментаудағы жел энергиясын шығаратын зауытпен меморандум дайындап жатырмыз. Біздің түлектер болашақта сол зауытта жұмыс істейді деп ойлаймыз. Қазіргі оқу бағдарламасында 60 пайыз – практика, 40 пайыз – теория. Бұрын керісінше еді. Елбасының бастамасымен «Жас маман» жобасы аясында еліміздегі алдыңғы 180 колледждің базасын жақсарту қолға алынған болатын. Біздің колледж осы жобаны ұтып алып, керекті құрал-жабдықтың тізімін министрлікке өткізіп қойдық.
– Кәсіптік білім беруде жаңа технологиялар қаншалықты жиі қолданылуда? Нәтижесі қандай?
– Әрине, жаңашылдық кез келген салада болуы керек. Жаңашылдық болмаса, даму болмайды. Сол себепті кәсіптік-техникалық білім саласы да жаңа өзгерістермен, технологиялармен толығуда. Соның ішінде студенттік мобильділік бойынша біздің оқу орнымыздың жастары бір семестр Санкт-Петербург қаласындағы жол қатынастар университетіне қарасты теміржол техникумында білім алып жүр. Соңғы екі жыл қатарынан 10 студентімізді жібердік. Ол жақтың студенттері де біздің оқу орнымызға келіп оқыды. Оқытушыларымыз да дәл солай тәжірибе алмасты. Сонда бізге сол техникумның басшылары «Сіздердің оқытушыларыңыз бен студенттеріңіздің білім деңгейі өте жоғары екен» деген баға берді. Бұл – біз үшін үлкен қуаныш.
– Қазіргі пандемия жағдайында студенттер қалай оқуда? Білім деңгейіне әсер етіп жатқан жоқ па?
– Қашықтан білім беруге көшпес бұрын біз оқу орнымызда арнайы штат құрып, дайындалдық. Оқытушылар мен студенттердің интернет пен техникаға қолжетімділігін тексердік. Ноутбугы мен компьютері жоқ студенттерге қолхатпен колледждікін пайдалануға бердік. Оқу процесі бұрынғыдай сабақ кестесі бойынша уақытылы жүріп жатыр. Қашықтан оқытудың бір артықшылығы студенттер өз бетімен ізденуді үйренсе, ата-аналар жауапкершілікті сезінді. Ал қыркүйек айында болатын практиканы қаңтар айына ауыстырып отырмыз. Жағдай тұрақталып, өнеркәсіп орындары жұмыс істеп жатса, студенттеріміз практикасынан өтеді.
– Еліміздегі орта білім беру орындарының 40 пайызы – жекеменшік. Биыл Білім және ғылым министрлігі мониторинг жүргізу барысында кейбір оқу орындарының лицензияларын қайтарып алды. Білім сапасын қалай жақсартамыз?
– Білім саласында бәсекелестік болса ғана жоғары сапа болады. Оқу орындары лицензиясынан айырылып жатса, оған үш себеп бар. Біріншісі – материалдық базасының аздығы. Екіншісі – сол оқу орындардағы жұмыс істейтін педагогтардың сапалық құрамының төмендігі және оқу орнының бағыты. Мысалы, кейбір техникалық колледждер гуманитарлық бағыттағы мамандықтарды дайындайды. Ал сол мамандарға сәйкесінше өз саласының білікті оқытушылары емес, техник педагогтар сабақ беріп жүруі әбден мүмкін ғой. Сосын техникалық оқу орнына гуманитарлық саланы таңдаған түлектер көп бармайды. Сол себепті мұндай аралас колледждерде топтағы студенттер саны аз. Қазіргі білім беру мекемелері арасында бәсекелестік жоқ десек те болады. Барлығы «Үкімет беру керек» деп отыр. Неге Үкімет оларға бәрін беруі керек? Оқу орындары әлеуметтік серіктестіктерді өздері іздеп тауып, бірігіп жұмыс істеуі тиіс. Мысалы, біздің жатақханамызға әлеуметтік серіктестеріміз «жақсы маман дайындағандарыңыз үшін» деп волейбол ойнайтын алаң жасап берді. Біздің колледжде «Түлектер қауымдастығы» құрылған. Биыл оқу ордамыздың 75 жылдығына орай «Түлектер қауымдастығы» арнайы аудиторияларды жабдықтады. Бәсекеге шыдамаған оқу орындары нарықтан кету керек. Бұл дұрыс.
– Президент Жолдауында кәсіпкерлердің жаңа буынын қалыптастыру туралы айтты. «Кәсіпкерлік негіздері» пәнінің барлық оқу орындарында оқытылуы дұрыс па?
– «Кәсіпкерлік негіздері» пәні Атамекен КП ұсынысымен барлық оқу орындарына енгізілген. Біздің колледжде де оқытылып жатыр. Мысалы, пандемия салдарынан қаншама өндіріс орындары тоқтап қалды. Осындайда жас маманға кәсіпкерлік негіздері пәні көмектеседі. Жастар мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз гранттарға қатысып өз кәсібін аша алады. Менің ойымша, бұл – Үкімет тарапынан жасалып жатқан үлкен қолдау.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Көктем ҚАРҚЫН

Бақылауды күшейту тапсырылды

$
0
0

Үкімет басшысы Асқар Мамин ел аумағында COVID-19 инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның (ВАК) селекторлық отырысын өткізді. Онда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы 16 қараша күні өткен ВАК отырысында берген тапсырмаларының орындалу барысы қаралды.

Өңірлердегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал және қабылданған шаралар жөнінде Денсаулық сақтау министрі А.Цой, Ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаев, Қорғаныс министрі Н.Ермекбаев, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі А.Көлгінов, Павлодар облысының әкімі Ә.Сқақов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Қ.Ақсақалов, Қостанай облысының әкімі А.Мұхамбетов баяндады.
Індетпен аурудың өсуі Қазақстанның барлық өңірлерінде дерлік тіркелді. Вирустың репродуктивтілік көрсеткіші республика бойынша 1,07 құрайды. Инфекциялық төсек-орындардың толығуы – 22%, реанимациялық төсек-орындардың толығуы – 17%. «Қызыл аймақта» 5 өңір қалып отыр: Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстары. «Сары аймақта» 2 өңір бар: Батыс Қазақстан облысы және Нұр-Сұлтан қаласы.
Үкімет басшысы Денсаулық сақтау, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктеріне әкімдіктермен бірлесіп, медициналық жабдықтарды жеткізуді аяқтауды және инфекциялық стационарлардың реанимациялық бөлімшелерін толық жабдықтауды қамтамасыз етуді тапсырды. Асқар Мамин эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауы мүмкін жағдайда ведомстволық ауруханалар мен госпитальдардың 100% дайындығын қамтамасыз етуді тапсырды. Ішкі істер, еңбек, білім, қорғаныс министрліктеріне әкімдіктермен бірлесіп, ұйымдастырылған ұжымдарда профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шаралардың сақталуына бақылауды күшейту тапсырылды.

Жәрмеңке ­жалғасын тапты

$
0
0

Елордада күзде басталған ауыл шаруашылығы тауарларының жәрмеңкесі жалғасып жатыр. Арзан әрі сапалы өнім сатып алу үшін қала тұрғындары әр демалыс сайын Р.Қошқарбаев көшесі, 37-үйдегі «Аспан базары» сауда үйіне қарай ағылады. Бұл сауда алаңы өнім өндірушіге де, тұтынушыға да өте қолайлы. Кәсіпкерлер мен шаруалар өнімдерін сататын жерді тегін иеленсе, тұтынушылар қалаған тауарын нарық бағасынан төменге сатып алады. Мұндай жәрмеңкелер әлеуметтік маңызы зор өнімдерді арзан бағамен сатуға мүмкіндік береді. Сұраныс жоғары, баға арзан. Аспан базары» сауда үйінде (Қошқарбаев к-сі, 37) әр демалыс сайын ауылшаруашылық жәрмеңкелері өткізіледі. Онда шаруа қожалықтары мен ауылшаруашылық тауарларын өндірушілердің азық-түлік өнімдері ұсынылады.

«Аспан базары» басшылығы жәрмеңкеге қатысушыларға ақысыз орын ұсынады» дейді «Аспан» базарының атқарушы директоры Айтуған Құлмахамбетұлы. Базарда тауар сататын кәсіпкерлерге барлық жағынан қолайлы жағдай жасалған. Сөрелерде көкөністер мен жемістер нарық бағасынан төмен сатылуда. «Біз бұл мүмкіндікке ризамыз. Қияр мен қызанақ қымбат емес. Мысалы, қияр бағасы – 350-400 теңге, басқа базарлармен салыстырғанда тиімді» дейді кәсіпкер Лира Ілиясова.
«Аспан базары» сауда үйіне Ақмола және Қарағанды облыстарының фермерлері азық-түлік өнімдерін әкеледі. Сондай-ақ «Бакара» ЖШС сиыр етінің келісін 1800-2000 теңгеден ұсынады. Мұнда сүт пен жоғары сұрыпты ет өнімдердің бағасы нарық құнынан төмен.
«Жылқы етінің бағасы 2000 теңгеден басталады. Бұған дейін сиыр еті 2000-2200 теңгеден, жылқы еті 2400 теңгеден сатылатын. Жәрмеңкеде біз бағаны төмендетеміз» дейді кәсіпкер Райхан Шаданова.
Елорда тұрғыны Венера Изеева қырыққабат пен пиязды 80 теңгеден алғанын айтты.
«Біз осы ауданда тұрамыз. Жәрмеңке туралы естіп, бағаларды басқа орындармен салыстырдық. Өте тиімді және қолжетімді. Бүгін ұн мен май алуға келдім» деді Бауыржан Даниярұлы. Ол мұнда бәрі көтерме бағамен және өте арзанға сатылатынына риза.
Жәрмеңке әр аптаның сенбі, жексенбі күндері өткізіледі. Ұйымдастырушылар келушілерге санитарлық нормаларды қатаң сақтау керегін ескертеді.

 

Табыс көп пе – бөліс!

$
0
0

Жақында әлемге әйгілі мексикалық «Байлар да жылайды» сериалының бас кейіпкерін сомдаған Вероника Кастро дүние салды. Ол кинода байлар махаббат үшін жылайтын. Ал біздегі ауқаттылар «Байлық салығы» салынады деген үрейден көз жасын төгуге дайын.
Жалғанды жалпағынан басып жүргендердің жетістікке жету жолы әртүрлі. Көбіне адал еңбекпен ауқатты болғандар үшін байлық салығын салу – негізсіз «жаза» болып тиюі мүмкін.

Қалай десе де, олардың бәрінің де «қаржы айналымдарының» қозғаушы күші – тұрып жатқан елі. Сондықтан табысының көлеміне қарай сол елмен салығын да лайықты бөлісу – әділетті шешім. Бұл – байлық салығын бастау жайын көтеретін сарапшылардың ортақ пікірі. Бірақ ауық-ауық айтылып жүрген бастама элиталық топтардың ықпалымен болса да «тұншықтырылып», жылдар бойына кейінге қалдырылып келеді.
Көптің қолы жетпейтін мүліктер мен қызметтердің иелеріне салынатын бұл салықтың мәні – салық салудың әділетті жүйесін қалыптастыру, байлар мен кедейлер арасындағы алшақтықты азайту, осы арқылы бюджет тапшылығын белгілі бір дәрежеде жабу және байларды әлеуметтік жауапкершілікке шақыру. Елімізде байлық салығын салу мәселесі жыл сайын көтеріледі. Былтыр да Ұлттық экономика министрлігі осы мәселені қарастырып, оны тағы да кейінге қалдырған. Шамасы мемлекет сарапшылар алаңдап айтқан бірнеше уәжге тоқтаған болуы керек. Сол кезде экономист Мақсат Халық әзірге мұны енгізу ерте, бұл салықтан жалтаруға әкеледі деген болатын. «Елімізде әлі де болса нарықтық экономиканың заңдары толық орындалып жатқан жоқ. Оған қоса мемлекет салықты белгілі бір нормадан арттырып жіберсе, салықтан жалтарушылар көбейеді. Сөйтіп көлеңкелі экономиканың үлесі артады» деген еді М.Халық.
Қазіргі Қазақстандағы элиталық топ халықтың 1-2 пайызын құрайды. Қазақстандық элита дегеніміз – Forbes-тің жаһандық тізіміне енген байлар. Олар – еліміздегі түрлі деңгейдегі банктер мен яхталардың, мұнай мұнараларының қожайындары, жергілікті ауқымдағы олигархтар, квазимемлекеттік компаниялардың топ-менеджерлері. Кейінгілері алдыңғылардың не туыстары немесе сенімінен шыққан өкілдері болып келеді. Шіріген байлық бұл элитаның өкілдеріне біртуар бизнес-қабілеттерінің арқасында ғана емес, көп ретте керісінше жағдайда келген. Әрине, элитаға қазіргі елдегі қолданыстағы салықтық мөлшерлеме ұнайды. Одан әрі көтеруге қай-қайсысы да мүдделі емес. Осы ретте 2018 жылы байлардың салығын арттыру мәселесін көтерген Билл Гейтстің әрекеті нағыз жомарттық екеніне тәнті боласың.

Табысына қарай салығы

Байлық салығын енгізу жайы елімізде биыл да 3-4 рет көтерілді. Жалпы бұл мәселе пандемияға байланысты дағдарыс жағдайында әлемде жиі айтыла бастады. Әсіресе, елімізде жақында сенатор Мұрат Бақтиярұлының яхта, ұшақ, қымбат көлік мініп, зәулім сарайда тұратын ауқаттыларға салынатын салықты арттыру туралы ұсынысы көпке аян. Оның айтуынша, тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде халықтың бай және кедей топтары арасындағы алшақтық айтарлықтай өсті. «Байлық салығын енгізу Қазақстанда салық салудың әділетті жүйесін қалыптастыра алады деп есептеймін» дейді ол.
Биыл шілде айында осы мәселе көтерілген кезде Президент Қасым-­Жомарт Тоқаев жеке табыс салығының прогрессивті шкаласына оралуды ұсынды. Бұл шкала 2007 жылдың 1 қаңтарына дейін қолданылды, бірақ кейіннен тегіс шкалаға ауыстырылған еді. Аталған декларациядан кейін ғана елде осы прогрессивті шкала енгізілсе жөн. Прогрессивті шкала дегеніміз – неғұрлым көп табыс табатындардың соғұрлым көбірек салық төлеуі. Тек содан кейін барып байларға салық салуға болады. Ал әзірге елімізде асып-тасыған байдан да, қатарынан көш ілгері орта немесе айлығы шайлығына жетпейтін төменгі таптан да – бәріне бірдей табыс салығы ұсталады.
Соңғы 10 жылда Қазақстанның Салық кодексі күрделі өзгерістерге ұшырады. Осы аралықта ол бірнеше рет қайта жазылып, оған 130-дан аса толықтырулар енгізілді. Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов қазіргі жаңа Салық кодексінде онсыз да әділетті және айқын принциптер қарастырылғанын айтады. «Жеке табыс салығы бойынша елде 10 пайыздық бірыңғай мөлшерлемеден бөлек төмендетілген мөлшерлеме де бар. Мәселен, кірісі 70 мың теңгеден аспайтын азаматтарға төмен салық салынады» деді министр. Ол мүлік салығы бойынша да үлкен айырмашылық барын айтты. Мүліктің құны жоғары болған сайын, оған салынатын салық та көбейе түседі. Көлік салығы бойынша да айырмашылық үлкен – 8 мың теңге мен 600 мың теңге аралығында.

Таптар арасын жақындату

Елімізде орта тапқа кіретіндер өте аз, тіпті еңбекке жарамды халықтың 1 пайызын ғана құрайды деген болжам деректер бар. Себебі экономистердің айтуынша, орта тапқа жату үшін айына 500 мың теңге табыс табу керек. Ал ресми статистика бойынша Қазақстанда орташа жалақы 212 мың теңгені құрайды. Шын мәніндегі көрсеткіш одан да төмен.
Прогрессивті салықты енгізуге қатысты пікір білдіре келе Президент кірісі 300 мың теңгеден аспайтын адамдарға табыс салығы аз салынуы керек деді. Ол 100 мың теңге табатындардың 1 миллион теңге табатындармен бірдей 10 пайыз салық төлеуі дұрыс емес деп есептейді. «Мен ол кісіні қолдаймын. Айына 300 мың теңге табатындар 6-7% төлесін, 100 мың теңгеден төмен алатындар, тіпті де салықтан босатылсын. Ал жылдық табысы 25 миллион теңгеден асатын дәулеттілер үшін табыс салығын 15%-ке дейін көтеру әділ шешім болар еді» деп санайды М.Халық. Мұндай жүйе Еуропаның кейбір елдерінде бар. Мысалы, Финляндияда 100 мың еуродан астам табысқа салынатын салық ставкасы 31,7%-ды құрайды.
Оның әріптесі Асылхан Андашев бұған қарсы пікірде. Экономистің айтуынша, бұл салық бюджет табысының азаюына әкелуі мүмкін. Неге бұлай дегенін ол бізде аз табыс табатындардың саны бірнеше миллион, ал табысы жоғары азаматтар өте аздығымен байланыстырады. «Кейбір зерттеулер бойынша пандемияға дейін ең көп кездесетін жалақы 58 мың теңге еді, 3,5 миллион адамның жалақысы 112 мың теңгеден аз болатын. Яғни, бізде аз табыс табатындардың саны табысы жоғары азаматтардан көп. Сол себепті миллиондаған адамның салығын азайтып, жүздеген мың адамның салығын арттырғаннан бюджетке түсетін табыс көлемі ұлғаяды деп айта алмаймын. Керісінше, бюджет табысы азаюы да мүмкін» дейді Андашов. Бұлай болмас үшін жалпыға бірдей декларацияны дұрыс жолға қою керек. Содан кейін ешкім өз табысын жасырмай, салықтан жалтармаса, бюджетке бірнеше миллиард теңге кіріс түсуі мүмкін. Өкінішке қарай, заңсыз жолмен байығандар өз мүлкін жария еткісі келмейді.
Кейбір сарапшылар арасында прогрессивті шкала туралы күмәнді пікірлер де жоқ емес. Олар бұл салық механизмі түптеп келгенде нағыз байларды әлеуметтік жауапкершілікке тартуға емес, олардан төмен тырбанып жүрген халықтың қалтасын қағуға жұмыс істеп кете ме деп те қауіптенеді.

Жыртыққа жамау бола ма?

Байларға салық салынса, ел қазынасына қыруар ақша түседі. Кей сарапшылар мұны сеніммен айтып отыр. Соның арқасында мемлекетте қосымша қаражат та пайда болады. Ал оны халықты әлеуметтік жағынан қолдауға, яғни көпбалалы, тұрмысы төмен отбасыларға, мүгедектерге көмек көрсетуге жұмсауға болар еді.
Жалпы кез келген қоғамның алға ілгерілетуші тобы – байлар. Батыс елдерінде ғылыми зерттеулердің барлығын дерлік байлар қаржыландырады екен, ал бізде әрине, олай емес. Елімізде элиталық топтардың өкілдері көбірек салық төлеуге келіспейтіні түсінікті. «Біздің адамдар байи қалса, Миланнан киініп, Лондоннан үй алып, яхта, жеке ұшақ мінуге құмар. Сондықтан, салықты көбірек төлеу арқылы болса да, қоғамға пайдасын тигізсін» дейді сенатор М.Бақтиярұлы.

Дағдарыстан салық құтқара ма?

Мәселен, биылғы дағдарыс АҚШ сияқты алпауыт дамыған елді де әбігерге салса керек, бұл елде қазір миллиардерлеріне 60%-дық біржолғы салық төлеу идеясы күшейе түскен. Мұнда да осындай заң жобасын сенаторлар ұсынды. «Миллиардерлердің төлемін жаса» деп аталатын заң жобасы 467 бай адамнан тұратын элитадан 731,8 миллиард долларға 60 пайыздық салық өндіріп алуы мүмкін. Бұған не мәжбүрлеп отыр? Себебі елде биыл 18 наурызда пандемия басталған кезде 50 млн-нан астам америкалық жұмыссыздық туралы көмек сұрап, тағы 5,4 млн адам медициналық сақтандыруынан айырылған. Сенаторлардың пікірінше, біржолғы салық салу барлық америкалықтарға бір жыл ішінде медициналық шығындарды, соның ішінде рецепт бойынша дәрі-дәрмектерді төлеуге мүмкіндік береді.
Қазақстан қоғамында өкінішке қарай, кедейлер одан сайын кедейлене, байлар байи түседі деген көзқарас басым. Оған биылғы төтенше жағдай кезінде қаржылық көмекке бастапқыда күткеннен 2,5 есе көп адам жүгінгені дәлел бола алады. Ал байлар активтерінің өскенінен емес, бірінші кезекте заңдағы лоббирленген өзгерістер және мемлекеттік қолдаудың арқасында, сондай-ақ «кері серпілу, қайта бөлісу», рейдерлік тартып алу есебімен, сонымен қатар салық салудан жалтару арқылы да байыған үстіне баюда. Бұл да – саяси сарапшылар пікірі.

Өзге елдерде қалай?

Ресейде жүргізілген сауалнама нәтижесі халықтың 50 пайызы байлық салығын салуды қолдайтынын көрсеткен. Мұнда да Қазақстан секілді аталған салықты салу мәселесі көп жылдан бері көтеріліп, әлі созылып келеді. Әрі байлық салығы оның басты «нысанасына емес», бұған қауқарсыз халықтың бәріне жалпылама тиіп кетуі мүмкін деген қауіп бұл елде де бар. Дәл қазіргі таңда жеке тұлғалардың табыс салығы 13-35 пайыз аралығындағы мөлшерлемені құрайды.
Әлемде кей елдерде байлық салығының түрлі жүйелері жұмыс істейді. Мәселен, Францияда 1980 жылдардан бастап байлыққа арнайы салық енгізілген. Бұл елде мүлкі мен банктегі шоттары, құнды қағаздарын қоса алғанда азаматтардың барлық активтеріне байлық салығы салынады.
Басқа елдерде байлыққа арнайы салық салу жүйесі жоқ. Бірақ люкс класына жататын тауарлардың бірнеше түрлері, мәселен, автомобильдер, яхталар, жеке ұшақтар, қымбат бұйымдардан салық ұсталады. Шетелдерде әлеуметтік теңсіздік мәселесі табыс салығының прогрессивті шкаласы есебімен шешіледі. Мәселен, АҚШ, Франция, Ұлыбритания, Қытай және Жапонияда табыс салығының мөлшерлемесі азаматтардың табыс көлеміне байланысты болады. Жекелеген байларға келсек, Амазонның негізін қалаушы және әлемдегі ең бай адам Джефф Безостың төлемі – 42,8 миллиард доллар, Tesla және SpaceX жетекшісі Элон Маск 27,5 миллиард доллар, Facebook негізін қалаушы Марк Цукерберг 22,8 миллиард доллар салық төлейді.

Райхан РАХМЕТОВА

Бейсекова биігі

$
0
0

Елорданың үлкен көшелерінің бірі ҚазКСР халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, қазақ опера өнерінің алғашқы қарлығашы Шабал Бейсекованың есімімен аталады. Бұл көше Конституция көшесінен басталып, Ш.Айтматов көшесінде аяқталады. Көшенің жалпы ұзындығы – 5600 метр.

БАЛАЛЫҚ ШАҒЫ АҚМОЛАДА ӨТКЕН

Өкінішке қарай, қазір көп адам Бейсекованың кім болғанын білмейді. Тіпті, Шабал апамызды ер-азамат деп ойлағандарды да кездес­тіргенбіз. Бұл әйгілі әнші туралы кейінгі кезде көп айтылмауынан болуы керек. Рас, насихат жетіспей жатыр. Осыдан үш жыл бұрын әншінің ғасырлық мерейтойы да елеусіз қалды.
Шабал Бейсекова ресми құжат бойынша 1917 жылдың 1 қарашасында Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданында дүниеге келді. Бірақ әншінің жары, өнерде де, өмірде де қатар жүрген ҚазКСР халық әртісі Кәукен Кенжетаев қосағының туған жылы ретінде 1919 жылды көрсетіп кетті. Оның дерегінше, Шабал апамыз 1936 жылы қазақ мемлекеттік музыка театрына қабылданады. Сол жылдың 17-25 мамырында Мәскеуде қазақ өнері мен мәдениетінің алғашқы онкүндігі өткені белгілі. «Шабал тым жас болғандықтан театр басшылары мұның жасын ұлғайтыңқырап, 1917 жылғы деп төлқұжат әпереді. Сөйтіп осы жыл Шабалдың туған жылы болып қала береді. Ал кәсіподақ билетінде туған жылы – 1919 жыл» деп жазады өзінің естелігінде Кәукен ағамыз.
Өнертанушы Амангелді Мұқан әншінің балалық шағы Ақмола қаласында өтіп, осы жерде мектепке барғаны жайында жазады. Оның себебі, Шабал апамыздың әкесі Бейсек Қаратаев өз заманының оқыған, сауатты адамдарының бірі болыпты. Ақмолада алдымен мұғалім, кейіннен сот, прокурор қызметін атқарған. Отыз жетінің ойраны бұл кісіні де айналып өтпеген. Өзінің қызметі бар, оның үстіне Сәкен Сейфуллинмен достығы, пікірлестігі, ниеттестігі үшін Бейсек атамызды «халық жауы» ретінде ұстап әкетіп, ату жазасына кескен. Содан 1957 жылы ғана ақтаған.
Сол уақыт «халық жауының» отбасына да оңай тимегені, әйелі, бала-шағасы, туған-туысқандары да қудалауға ұшырағаны тарихтан аян. Бір қызығы, Шабал Бейсекованың өмірбаянынан мұндайды таба алмадық. Қызының бойынан өнер ұшқынын байқаған анасы Айнакүл оны Алматыға музыка училищесіне (қазіргі П.Чайковский атындағы музыка колледжі) оқуға жібереді. Әнші осы оқу орнынан кейін қазақ театрына қабылданады. «Жаудың» ұрпағы ретінде қуғын-сүргіннен өзінің өнері, өнеріне жанашыр жандардың қамқорлығы сақтап қалған секілді.

КЕНЖЕТАЙ АҚСАҚАЛДЫҢ КЕСІМІ

Қызы Баян Кенжетаеваның айтуынша, Шабал апамызды алғаш рет сахнаға академик Ахмет Жұбанов қолынан жетектеп алып шыққан. Кейіннен Кәукен Кенжетаев, Бекен Жылысбаев және Мүсілім Алтынбековпен бірге Мәскеу консерватория­сына оқуға аттандырған. Кәукен ағамызбен арадағы махаббат одақ астанасында басталған секілді. Екеуі каникулға Алматыға оралғанда ағамыз апамызды үйіне ертіп апарып, әкесі Кенжетай мен анасымен таныстырған. Ибалы, инабатты қыз үлкен кісілерге ұнаған. Екеуінің отбасы болғандарының хикаясы да қызық.
Мәскеу консерватория­сының соңғы курсында оқып жүргендерінде Екінші дүниежүзілік соғыс басталып, Кәукен ағамыз майданға аттанады. Шабал Алматыға қайтып келіп, сол жылы ұлы ақын аты берілген Абай атындағы опера және балет театрында өнер жолын жалғастырады. Бір күні Кенжетай ақсақал келіп, болашақ келінін үйіне алып кетеді. Арада бес жыл өтеді. Майданнан шаңырағына оралған Кәукеннің алдынан Шабал шығады.
«Сол кезде әкем маған: «Балам, үйленетін уақытың келді» деді. Ойланып қалдым. Өзім де 31 жасқа келіп қалған едім. «Шабалды аласың, осыдан артық маған келін керек емес» деп әкем кесіп айтады. Осыған көніп, Шабалмен шаңырақ құрдық» дейді өзінің естелігінің бірінде Кәукен Кенжетаев.

КҮЛӘШТІҢ «КІШКЕНТАЙЫ»

Өткен ғасырдың отызыншы жылдарынан, қазақ опера өнерінің негізі қаланған уақыттан 24 жасында КСРО халық әртісі атанған Күләш Байсейітова сахнада жарқырағаны белгілі. Шабал Бейсекова біраз уақыт соның дублері болды. Мәселен, Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсында Күләш негізгі құрамда бас кейіпкердің партиясын айтса, Шабал екінші құрамда Жібекті сомдады. Бірақ өнертанушылар екеуінің арасында бәсекелестік болмағаны жайлы айтады.
«Күләшпен дауыстары бір тектес лирикалы-колоратуралық сопрано болуынан, тұрақты екеуара бір партияда өнер көрсетуге тиіс болды. Қатар келген сахнадағы шығармашылық ғұмыр жас әншінің өзіндік келбетіне із тастағанын айтып өткен абзал. Бірақ әнші Күләш тарапынан Шабал ешқандай қысым көрмеген, керісінше, Күләш Шабалды қасынан тастамай, ылғи да желеп-жебеп, концерттерге шығарып қамқор болған. «Кішкентайым» деп еркелетіп, ерекше сыйлаған» деп жазады өнертанушы Амангелді Мұқан.
Қазақ радиосының алтын қорындағы хабардың бірінен Шабал Бейсекованың естелігін қағазға түсірген журналист Алтын Иманбаева: «Шабал: «Мен театрға келгенде құшақ жайып қарсы алған Күләш еді. Бұл кісі мен үшін аса қадірлі жан. «Қыз Жібекте» қара сөз айту қиын. Сонда Күләш апай: «Кішкентай, бері келші, дауысыңды көтеріп сөйлеші, реплика болғанда дауысың естілмейді. Залдың артқы жағында құлағы шала еститін адам отыр деп ойла да қаттырақ сөйле» дейтін. Келесі спектакльде бәрі ойдағыдай болғанда «бәрі дұрыс болды» деп қуанатын» деп жазады.
Ал Кәукен Кенжетаев: «Шабал қазақтың екінші Күләші атанды. Бұлай деу – халықтың оның талантының Күләшқа пара-пар екендігін мойындағаны еді. Ол Күләштің лайықты шәкірті, әрі өнерін жалғастырушысы болды» дейді.
Расымен, Күләштан кейін басты партияларды Шабал орындады. Бірақ соның ішінде жұлдызын жандырғаны М.Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсындағы Сараның партиясы болды. Ақын қыздың бейнесін сахнаға сәтті алып шыққан әнші осы рөлі үшін 1949 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығын иеленді.

ӨНЕРДЕГІ 45 ЖЫЛ

Жалпы Шабал Бейсекованың өнер жолы 45 жылға созылды. Опера театрының сахнасына ол дәл осыншама уақытын арнады. Соның ішінде жоғарыда аталған туындылармен қатар А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абайында» – Ажар, З.Палиашвилидің «Даисиінде» – Маро, Н.Жигановтың «Алтыншашында» – Алтыншаш, С.Мұхамеджановтың «Айсұлуында» – Айсұлу, Е.Брусиловскийдің «Амангелдісінде» – Бану, «Гвардия алғасында» – Айна, Қ.Қожамияровтың «Назугумында» – Назугум, Ш. Гуноның «Ромео мен Джульеттасында» – Джульетта, Ж.Бизенің «Карменінде» – Микаэла, П.Чайковскийдің «Евгений Онегинінде» Татьяна болып шырқады. «Қыз Жібек» операсының мыңыншы қойылымында Жібектің партиясын айтты.
Күләштан алған өнегені өзінен кейінгі буын әншілерге көрсетіп, өнерге баулыды. «Мен театрға келіп, Жібек партиясын орындағанда, Кәукен аға маған постановкасын жасап берді, Шабал Бейсекова жеңгем болып ойнады. Әлі есімде апам «Сен қобалжыма, не істейтінін мен өзім көрсетіп тұрамын» дейтін. Сөйтіп, сахнаға шыққанымда «мына жерде отырасың, мына жерде күлесің, мына жерде жылайсың, мына жерде құлайсың» деп үйрететін» дейді КСРО халық әртісі, КСРО мен Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Бибігүл Төлегенова.
ҰЛТТЫҚ МУЗЫКАДАҒЫ ҮЛЕСІ

Шабал Бейсекова опера өнерімен шектелмей, қазақтың халық әндері мен халық композиторларының туындыларын, өз заманындағы композиторлардың шығармаларын насихаттауға елеулі үлес қосты. Қазақ радио­сының алтын қорына оның орындауында «Ахау Керім», «Ақ Дариға», «Баянауыл», «Бұлбұл», «Бір бала» сынды халық әндері, Латиф Хамидидің «Қазақ вальсі», Нұрғиса Тілендиевтің «Көктем таңы», Манарбек Ержановтың «Қуанамын», Садық Кәрімбаевтың «Ақтамақ» секілді шығармалары жазылып алынды.
Кәукен Кенжетаев екеуі елу жыл бірге өмір сүріп, Ғайни және Баян атты перзенттерін тәрбиелеп өсірді. Әсел атты жиен-немерелерін бауырына басты. Әсел Кенжетаева да өнерден алыс кетпей, қылқаламды өзіне серік етіп келе жатыр.
Шабал Бейсекова 1997 жылдың мамыр айында өмірден өтті. Бейсек Қаратаевтың отбасындағы жеті перзенттің тұңғышы болған оның туған сіңлісі, осы күндері тоқсан жастан асып отырған Сапура апа Нұр-Сұлтан қаласында тұрады. Соны естіген соң, апамызбен сөйлесуге ниет танытып, келіні Аяужанға хабарласқан едік, әженің әңгімеге зауқы жоқ екенін жеткізді. Кейуананың журналистерге өкпесі бар болып шықты. «Талай журналиске сұхбат бердім. Ешқайсысы шығармады» деген сол ренішін келіні арқылы айтып жіберді.
Рас, Шабал апамыз туралы мәліметтер қазір там-тұмдап қана кездеседі. Біздің міндетіміз, бұл олқылықтың орнын кішкене болса да толтыру болды. Бір қуантарлығы, Алматыда жыл сайын болмаса да, ара-тұра Кәукен Кенжетаев пен Шабал Бейсекова атындағы халықаралық өнер байқауы өтіп тұрады. Астанамызда әйгілі әнші атына кең көше берілгенін мақаламыздың басында айттық. Ендеше, Бейсекова биігі аласармайды.


Кәсіпкер боламын ­десең, қолдайды

$
0
0

Елордада «Көше саудасына – 1000 орын» бағдарламасы аясында кәсіпкерлердің саны артып, көше саудасы қыза түсті. Қалада күн санап көбейіп келе жатқан фастфуд, гүл, көкөніс, жеміс-жидек саудалайтын дүңгіршектер мен кофеханалардың көркі көз қуантады. Павильондарда саудаға салынған тауарлар бағасы халыққа қолжетімді болса, ал кәсіпкерлер үшін жалдау құны қалта көтерерлік. 20 шаршы метрлік орынға жылына 1 шаршы метрі үшін 20 мың теңгеден түседі. Сонда бір жылда 400000 теңгені төртке бөліп, 100 мыңнан төлеп отыруға болады. Бүгінде жоба жемісін беріп, астанада 1000 сауда орны пайда болды. Ендігі кезек – қала шетіндегі елді мекендерде. Кәсіп ашуды көздейтіндер қала маңындағы елді мекендерден арзан бағаға жер телімін жалға алып, өз ісін дөңгелетуге мүмкіндігі бар. Бюджетіміздің толығуына өзіндік үлесін қосып отырған бизнестен береке тапқандардың бүгінгі аяқ алысы қандай? Бағдарлама бойынша кәсіп бастау үшін не істеу керек деген сұрақпен «SKdevelopment» ЖШС директоры Ардақ Досановты әңгімеге тарттық.

ШАҒЫН КӘСIБI – ОТБАСЫНЫҢ НӘСIБI

Кәсіптің нәсібін көргендердің бірі – Самиға Сейітғазамова. Жалғыз­басты ана аталмыш бағдарлама аясында өз ісін бастап, астананың қақ ортасынан 3 бөлмелі пәтер сатып алғанын айтты.
«Жеміс-жидек пен фастфуд өнімдерін сатамын. Әкімдікке барып, «Жалғызбасты аналарға қандай көмек көрсетіледі?» деп сұрағанымда, осы бағдарлама туралы айтты. Жобаға қатысып, байқауда 4 жер телімін ұтып алдым. 4 сауда нысанында өзіме-өзім қызмет етіп, табыс тауып жүргеніме 4 жылға жуық уақыт болды. Жылына бір рет жердің жалдау құнын төлеймін. Өте ыңғайлы, павильонды өзің сатып аласың, 2 миллион теңге шамасында. Оны несиеге алдым. Стандартқа сай болуы керек. Қыста ешқандай қиындық тумайды. Сатылатын өнімдердің бағасы қымбат емес, себебі шығынымыз аз. Барлық көпбалалы аналар мен жалғызбасты аналарға жобаға қатысуға кеңес беремін. Себебі мен соның арқасында қаладан 3 бөлмелі пәтер сатып алдым. Әрине, несиеге алдым, есесіне табысы мол кәсібім арқылы қарызымнан оңайлықпен құтыламын деп сенемін» дейді ол.
Елордалық Жәмила Наурызбаева да «Көше саудасына – 1000 орын» бағдарламасының аясында өз арманын жүзеге асырды. Бүгінде кәсіптің көзін тапқан көпбалалы ана ақшадан тарықпайтынын айтып, жоба ұйымдастырушыларына ризашылығын жеткізді.
– Бағдарламаға 2016 жылы қатыстым. Оның алдында әкімдіктің бір жылға жалға беретін сау­да орындарын алып, жұмыс істедім. Кейіннен осы жоба шықты, қатысып көрдім. Отбасылық жағда­йымды ескерген шығар, 1 жер телімі бұйырды. Бір жылда жақсы табыс тауып, 2017 жылы екінші павильонды алдым. Жалдап отырған жердің ақысы да тым қымбат емес. Жылына 12 шаршы метрдің бір шаршы метріне – 20 мың, ал 18 шаршы метрге 30 мың теңгеден төлеймін. Өте жақсы жоба, әсіресе біз сияқты жағдайы төмен отбасыларға үлкен қолдау. Негізінен, жер телімдерін беруді жалғастыра беру керек, себебі әрбіріміздің қолымыздан кәсіп ашу келеді. Өз басым талай қиыншылықты басымнан өткердім. Үйде ақшасыз, жұмыссыз отырған кездер болды. Сол кезде кімнен қандай көмек болады деп өзгеге үміттеніп отыратынбыз. Дүкенді ашқаннан бері ешкімнің алдына барып алақан жайған емеспіз. Өз күнімді өзім көріп отырмын. Осы күніме шүкіршілік етемін, – дейді ол.
Қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласы бойынша сауда және қызмет көрсету нысандарын орналастыру үшін 644 жер учаскесі бөлінген. Жер телімдерінің жалпы ауданы 7990 шаршы метрді құрайды. Соның ішінде 434 сауда павильоны мен 117 маусымдық нысан орнатылған. 116 учаскеде кәсіпкерлік нысандарды коммуналдық қызметтерге қосу жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, Алматы ауданында – 213, Байқоңыр ауданында – 124, Есіл ауданында – 113, Сарыарқа ауданында 217 жер телімі қарастырылған.
Сауда павильондарының сыртқы көрінісі мен техникалық талаптары Нұр-Сұлтан қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасымен бекітілген. Эскиздік жоба www.astana-spk.kz сайтында бар. Сауда объектісі қала әкімдігі бекіткен талаптарға сай келуі тиіс.
«Қысқы маусымда көбінесе ыстық сусындар, дайын тағам өнімдері, жеміс-жидек, гүл сататын сауда орындары қызмет көрсетеді. Біздің бағдарламаға сәйкес жер учаскесін өзгерту, ауданын ұлғайту қосалқы жалдау шарты жасалған күннен бастап екі жыл ішінде мүмкін емес. Дегенмен қазіргі таңда аталмыш шектеулер бойынша жауапты органдармен жан-жақты талдау жүргізу үстіндеміз» дейді «SKdevelopment» ЖШС директоры Ардақ Досанов.

«ҮЙ ЖАНЫНДАҒЫ ДҮКЕН»

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері бағасының қымбаттауына жол бермеу мақсатында азық-түлік павильондарының санын арттыру үшін кәсіпкерлерге берілетін жаңа жер телімдерін анықтау жұмыстары жүргізілуде. Сауда нысандарының болжамды ауданы халықтың шоғырлануына байланысты және 200-ден 500 шаршы метрге дейін болады. Сондай-ақ алдағы уақытта сүт өнімдерін өндірушілерге арналған павильондарды орнату жоспарланып отыр. Мұндай өнімдер ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерден тікелей делдалдарсыз жеткізіледі. Бұл жоба «Үй жанындағы дүкен» деп аталады. Дүкен аумағы 50-ден 80 шаршы метрге дейін болады.
– Қала әкімдігінің қолдауымен жүзеге асып жатқан «Көше сау­дасына – 1000 орын» жобасы – шағын кәсіпкерліктің шаруасын ілгерілетуге бағытталған бірден-бір іргелі шара. Жазда ауданымызда қымыз, сүт өнімдерін сататын дүңгіршек ашылды. Тәп-тәуір саудасы қызып келе жатыр еді, 1 ай өтпей жабылып қалды. Қалада өз басым өзбектің самса, түріктің донеріне қарағанда ұлттық өнімдерді саудалайтын орындардың көбейгенін қалаймын. Фастфуд өнімдерімен қатар, бауырсақ, қаттама нан, талқан, тары, жент, майсөк, айран, қымыз, қымыран іспетті тағамдарымызды сатса, жұрт қуана-қуана алады. Сонымен қатар бұл дүңгіршектердің ­сыртқы көрінісіне де қазақылықты қосу керек. Ұлттық код деген сол. Павильондардың сәулетін қазақы нақышпен қиюластырып жіберсек, көрер көзге тартымды болар еді. Мәселен, қоңыр түсті павильондардың сәулет нобайын ою-өрнектерімізбен безендірсек. Киіз үйдей болса тіпті керемет болар еді, – дейді елорда тұрғыны Бақыт Молдабаев.

НЕДЕН БАСТАУ КЕРЕК?

«Көше саудасына – 1000 орын» жобасына қатысу үшін алдымен жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, екінші деңгейлі банктен шот ашып, салық қарызы жоқ деген анықтама алу керек. Өтінім www.smartastana.kz сайтында онлайн режимде де қабылданады. Қызығушылық танытқан кәсіпкерлер өз ұсыныс­тарын сайтқа қалдырып, қызмет түрін, орын саны мен нысанның орналасқан жерін көрсете алады. Кәсіпкер жеңіп шыққан жағдайда павильонды өзі орнатуы тиіс және коммуналдық қызметтерге де өзі қосады. Қолданыстағы жер заңнамасына сәйкес, егер сұралған жер учаскесі кондоминиум аумағымен іргелес болса, онда бұл жағдайда тұрғын үй иелерінің келісімі қажет. Павильондарды электрмен жабдықтау барысында «Астана-РЭК» бұл істе құзыреттілігіне сай орнатылатын дүңгіршектердің техникалық шарттарын әзірлеп, электр желісін қосатын нүктелерді белгілеп береді. Сонымен қатар трансформаторлық кіші стансалардың иелері, ПИК өкілдерінен кәсіпкерлердің ток желісіне дер кезінде қосылуына рұқсат алу қажет. Барлық сауда орны қаланың сәулетіне сай болуы керек, сондай-ақ санитарлық, өртке қарсы талаптарды қатаң сақтауы тиіс.
Бағдарламада көкөністер мен жемістерді сату нысандары көбірек кездеседі. Бұл бағытта 244 жер учаскесі қарастырылған: тамақтану орындары – 211, тамақ өнімдері бойынша 71 нысан бар.
Алдағы уақытта шағын және орта бизнесті дамытып, жергілікті тұрғындардың жұмыспен қамтылуын көбейту үшін жер телімдерін астана іргесіндегі елді мекендерден бөлу жүзеге асады. Сонымен қатар көше саудасы түрлерінің санын арттыру жоспарлануда.

Наима НҰРАЛЫҚЫЗЫ

Алтай КӨЛГІНОВ: Астана адамдарды магнитше тартады

$
0
0

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов «Аtameken business» телеарнасына берген сұхбатында қар тазалау жұмыстары, газдандыру, үлескерлер мәселесі, шаһардың инфрақұрылымы, елорданың мастер-жоспарына, экологияны жақсарту жайына егжей-тегжейлі тоқталып, әңгімелеп берді.

БАСТЫ МІНДЕТ – ІНДЕТТІ ЖЕҢУ

– Қазір арқаны кеңге салуға болмайды. Қалада осы күні 1 миллион 200 мың адам тұрады. Ал медицина қызметкерлерінің саны 13 мыңнан сәл асады. Соның 4 мыңы – дәрігер. Егер індет өршитін болса, дәрігерлер саны аздық етеді. Сондықтан тұрғындарға тәртіпті сақтау керек. Неге шектеулерді алып тастамадық? Әрине, локдаун енгізіп, блокбекеттерді қою экономикалық тұрғыдан бізге тиімсіз. Бірақ әртүрлі шектеу­лер әлі де сақталып жатыр. Жексенбі күндері автобустар тоқтатылып, толығымен залалсыздандырылады. Сосын әр рейс сайын дезинфекция жасалады. Мейрамханалар, сауда орталықтары сияқты көпшілік жиналатын орындарға қойылған шектеулер де әлі алынған жоқ. Соны халық түсінуі керек, – деді А.Көлгінов.

 Қала басшысының айтуынша, бүгінгі басты міндет – пандемиямен күресу, індетті жеңу. Яғни күн сайын шұғыл әрекет жасау. Атап айтқанда, қазір емханаларда 60-тан асқан азаматтар мен аурушаң балалары бар отбасылар маскаларды тегін алады. Мұның бәрі мемлекет пен демеушілер есебінен жасалып жатыр.
Пандемияның экономикаға әсеріне тоқталған А.Көлгінов осыған байланысты мемлекет тарапынан қолға алынған шаралар туралы айтып өтті.
– Президенттің тапсырмасымен бизнес өкілдеріне жеңілдіктер жасалды. Салық төлеудің мерзімі шегеріліп, айыппұлдар бойынша өсімдер тоқтатылды. Бұл үлкен қолдау деп есептеймін. Әрине, қазіргі жағдай кәсіпкерлерге оңай тиіп жатқан жоқ. Біз барлық кедергілерді алып тастауға тырысып жатырмыз. Пандемияның қала бюджетіне де кері әсері болды. Соның кесірінен, болжамымызша, бюджетке шамамен алғанда 60 миллиард теңгеге жуық қаржы кем түсейін деп тұр. Бұл – өте көп қаржы, – деді қала әкімі.

ГАЗДАНДЫРУ – ТАРИХИ ЖОБА

Қаланың инженерлік инфра­құрылымын жақсарту жұмыстары жайлы сөз сабақтаған шаһар басшысы биыл атқарылған маңызды істерге тоқталды.
– Газдандыру – бұл тарихи жоба. Естеріңізде болса, Елбасының бес әлеуметтік бастамасының бесінші бағыты – елорданы газдандыру. Бұл бағытта мемлекет тарапынан ауқымды жұмыстар жасалды. Магистралды газ құбырын тартумен «Самұрық-Қазына», «ҚазТрансГаз» компаниялары, тиісті министрліктер айналысты. Ал ішкіорамдық желілерді жергілікті атқарушы орган, яғни өзіміз тарттық, – деді А.Көлгінов.

ҮЛЕСКЕРЛІК ҚҰРЫЛЫС: БИЫЛ 20 ҮЙ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ

Үлескерлер мәселесіне тоқталған әкім бұл проблема қалай шешіліп жатқанын түсіндірді.
– Бұл – өте күрделі мәселе. Адамдар алаяқтарға сеніп, тұрғын үй құрылысына ақша салды. Ал алаяқтар мемлекетті де, қала тұрғындарын да алдап кетті. Кейбір тұрғындар баспаналы боламыз деп соңғы ақшаларын құйды. Бұрын бізде осындай 52 проблемалы үй болды. Бұл бір үй емес, тұтастай тұрғын үй кешендері еді. Мемлекет бұл істі бақылауға алды. Президент те бұл мәселеге көңіл аударып, қадағалауға алды. Тиісті ақша бөлінді. Қазір әр үймен айналысып жатырмыз. Әрине, бұл жеңіл жұмыс емес. Кейбір үйлер бойынша жобалық-сметалық құжаттама жоқ немесе бұл құжат ескіріп, сараптамадан өтпеген. Қаржылық моделі де жоқ, ақша да жоқ. Осы мәселелерді шешумен айналысып жатырмыз. Былтыр осындай 10 үйді пайдалануға бердік. 2,5 мың отбасы пәтер кілттерін алып, жылдап күткен баспаналарына қол жеткізді. Осы жылдың аяғына дейін 20 тұрғын үй кешенін пайдалануға береміз. Бұл жағдай да үлескерлерге үлкен қуаныш әкеледі деп ойлаймын. Мемлекет қазіргі қиын жағдайда тұрғындарға көмекке келді, – деді А.Көлгінов.

МОМЫШҰЛЫ ДАҢҒЫЛЫН ЕНДІ СУ БАСПАЙДЫ

Қала басшысы шаһар тұрғындарына қолайлы жағдайларды тудыру жайына да тоқталып өтті.
– Елорда өте тез өсті. Қазір де көлемі ұлғайып келе жатыр. Жылына 2 миллион шаршы метрден артық тұрғын үй пайдалануға беріледі. Бұл – өте қарқынды динамика. Біріншіден, бұл – экономика өсімінің көрсеткіші. Екіншіден, жас астанамыз адамдарды тартатын магнитке айналып отыр. Қарап тұрсаңыздар, 2010 жылдан бастап осы күндерге дейін, 10 жыл ішінде қала халқының саны екі есеге артты. 2010 жылы тұрғындар саны 650 мың болса, қазір 1 миллион 200 мың. Әрине, бәріне баспана, тиісті жағдайлар керек. Мектептер, балабақшалар салынып, тұрғындарды жұмысқа орналастыру қажет, – деді А.Көлгінов.
Қаланың өсу қарқынына байланысты инженерлік инфрақұрылым құрылысы мәселесі де күн тәртібінен түспей келе жатыр. Осы орайда шаһар басшысы бұл мәселе туралы да жан-жақты айтты. Соның ішінде нөсер су кәрізі құрылысына тоқталды.
– Бұрын Бауыржан Момышұлы даңғылын су басатын. Бәрі әзілдеп бұл аумақты «Венеция» деп атап, қайық жүзетін жер дейтін. Енді мұндайды естімейсіздер. Бұл проблеманы шештік. Бұрынғы 1 мын миллиметрлік құбырды топырақ бітеп тастаған еді. Әрине, мұндай жағдайда су қайда кетеді? Біз оны темір-бетон құбырға ауыстырдық. Жаңа құбырдың биіктігі – 1,80 метр. Қосымша сорғыларды орнатқан соң, су тиісті жеріне кететін болды, – деді А.Көлгінов.

КОММУНАЛДЫҚ ҚЫЗМЕТКЕ БАРЫНША ҚОЛДАУ БЕРІЛЕДІ

Өткен қыста бас қалада қар қалың түскені елдің есінен шыға қоймаған болар. Қала басшысы биыл бұл жұмыс қалай атқарылатынын да айтып өтті.
– «Қазгидромет» мекемесінің мәліметіне жүгінсек, қардың жылдық нормасы – 90 миллиметр. Былтыр 200 миллиметр түсті. Сол себептен өткен жылы коммуналдық қызметтерге үлкен күш түсті. Олар міндеттерін дұрыс атқарғандығын айтып өтуіміз керек. Құтқарушылар да дамыл көрмеді. Биылғы қысқа дайынбыз. 165 арнаулы техника сатып алдық. Мұның көп көмегі тиді. Себебі көліктер паркі әбден ескірген еді. Былтыр алғашқы қар 12 қарашада жауды. Сол кезде техниканың жартысы тұрып қалды. Биыл да бірінші қар дәл осы күні түсті. Қазір қосымша тағы 100 техника сатып алып жатырмыз. Себебі коммуналдық қызметтерді барынша қолдауымыз керек. Біз олардың жалақысын көтердік. Сыйақы беруге де тырысамыз. Өйткені адамдар боранды, аязды күндері далада қолмен жұмыс істейді. Әрине, механикаландырылған техника бар, бірақ жұмыстың бәрін адамдар атқарады, – деді А.Көлгінов.ҮНЕМДЕЛГЕН ҚАРЖЫ ҚАЖЕТТІЛІКТЕРГЕ ЖҰМСАЛАДЫ

Пандемияға байланысты бюджетке түзету енгізуге тура келді. Қаржы үнемдеу мақсатында қала әкімдігі бірқатар шараларды қабылдады. Шаһар басшысы осыған да тоқталды.
– Біз 41 миллиард теңгені оңтайландырдық. Бұл жұмысты бірнеше кезеңмен жасадық. Оңтайландыру квазисекторда жүргізілді. Кейбір заңды тұлғалар жұмысын мүлде тоқтаттық. Бұған еншілес кәсіп­орындар ілікті. Үнемделген қаржыны қажетті инфрақұрылымға бағыттадық. Соның ішінде нөсер кәріздері жүйесі, жолдар бар. Әлеу­меттік саланы да ұмытпадық. Дәрі-дәрмекке, азық-түлік қорын тұрақтандыруға жұмсадық. Бізде тиісті механизм бар, баға өспеу үшін оған 2 миллиард теңге шамасында құйып отырамыз. Әсіресе, көкөніс бағасы көтерілмеу үшін жұмыс істейміз. Көтерме бағамен тауар жеткізушілермен жұмысымыз жолға қойылған. Маска­ларды, қорғаныш құралдарын сатып алуға да қаржы бөлінді, – деді А.Көлгінов.

МАСТЕР-ЖОСПАР ДАМУ БАҒЫТЫН АЙҚЫНДАЙДЫ

Қала басшысы стратегиялық мәселелерге келгенде қаржы қысқармайтынын айтты. Соның ішінде жылу-энергия орталықтары, «Водоканал», «РЭК», нөсер сулары кәрізі, көгалдандыру, абаттандыру бар.
Нұр-Сұлтан қаласының әкімі елорданың мастер-жоспарын әзірлеу, оны бекіту, соған сәйкес атқарылатын жұмыстар туралы да түсінік берді.
– Мастер-жоспар Елбасының тапсырмасымен әзірленді. Әлемдік тәжірибеге көз жіберсек, Лондон, Нью-Йорк сынды барлық ірі қалалар, Канада мен Еуропадағы үлкен шаһарлар, Азияның дамыған қалалары мастер-жоспар бойынша өмір сүреді. Мастер-жоспар – біз үшін жаңалық. Бізде бас жоспар дегенді барлық жұрт түсінеді. Қаланың мастер-жоспарын біз «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» деп атадық. Бұл құжатты әзірлеуге бізге шетелдік және отандық сарапшылар көмектесті. Тиісті жұмыстар екі жылдан бері жүргізіліп жатыр. Жақында бұл құжатты Елбасы мен Президентке таныстырдық. Жалпы алғанда бұл құжат мақұлданды. Соған сәйкес, біріншіден, қала тұрғындар үшін жайлы болуы керек. Екіншіден, шаһар экологиялық таза болғаны жөн. Әрине, инфрақұрылымы дамыған болуы қажет. Шаһарда қоғамдық кеңістіктер салынуы керек. Яғни қала тұрғындар, қонақтар, туристер, инвесторлар қойып отырған талаптарға сәйкес келуі қажет. Содан шығатын қорытынды, мастер-жоспар – қаланың даму бағытын айқындайтын құжат, – деді А.Көлгінов.

ЭКОЛОГИЯНЫ ЖАҚСАРТУ ҮШІН НЕ ІСТЕЛІП ЖАТЫР?

Елорда экологиясына тоқталған қала басшысы шаһарды ластайтын үш факторды атап өтті. Оның біріншісі – жылу-энергия орталықтары, екіншісі – автокөліктер, үшіншісі – жеке сектордағы үйлер.
– Бұл мәселелерді қалай шешеміз? Біріншіден, газдандыру арқылы. 1-ЖЭО мен 2-ЖЭО-да төрт су жылытатын қазандық газға ауыстырылды. Басқа қазандықтар 2021-2022 жылдары газға ауыстырылады. Бұл жағдай зиянды қалдықтардың ауаға таралуын айтарлықтай азайтады. Жеке секторда да мәселе газдандыру арқылы шешіліп жатыр. Осы уақытқа дейін, шамамен алғанда 300 шақырым газ тарату желілерін салдық. Бұл – «Көктал-1», «Көктал-2», «Агрогородок» тұрғын алаптары. Мұнда 100 мыңнан аса адам тұрады. «Железнодорожный», «Промышленный», «Силикатный» тұрғын алаптарына газ жеткізілді. «Оңтүстік-Шығыс» тұрғын алабының оң мен сол жақтарына газ тартылып жатыр. «Интернациональный», «Күйгенжар», «Мичурин» тұрғын алаптарында тиісті жұмыстармен «ҚазТрансГаз» компаниясы айналысып жатыр. Газдандыру үш кезеңмен жүргізіледі. Тоғыз іске қосу кешені қазір дайын, – деді А.Көлгінов.
Экологияны жақсарту үшін автокөліктерді де электрэнергиясына ауыстыру қажеттігін айтқан қала басшысы қазір соның алғышарттары жасалып жатқанын, мәселен 100 электроавтобус сатып алынғанын, бұл жұмыс жалғасатынын атап өтті.

ҚОЛЖЕТІМДІ БАСПАНА КӨБЕЙЕДІ

Шаһар басшысы елорданың бас жоспарға сәйкес атқарылып отырған жұмыстарға да тоқталды.
– Қазір қалада қолжетімді баспананы салуға, инвестицияларды тартуға басымдық беріп отырмыз. Құрылыс «Мыңжылдық» аллеясы бойында «Нұрлы жол» вокзалына дейін жүргізіледі. Яғни соған қарай 5 шақырым аумаққа тұрғын үйлер салынады. Сол ауданда саяжайлар өте көп. Сондықтан инвесторларға «саяжайларды сатып алып, құрылыс жүргізіңіздер. Біз инфрақұрылыммен көмектесеміз» деп айтамыз. Әрине, ол жерлерде мектептер, емханалар, балабақшалар секілді әлеуметтік нысандар, қоғамдық кеңістіктер, саябақтар мен шағын бақтар болуы керек. Құрылыс Қарағанды тасжолына қарай да жүргізіледі. Бұл жерде шағын аудан құрылысын бастадық. «Жағалау» шағын ауданында да әлеуметтік нысандармен қатар қолжетімді баспаналар салынады, – деді А.Көлгінов.

 

Жетекші партия сайлауға дайын

$
0
0

Кеше «Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХХ съезі өтті. Партияның сайлауалды бағдарламасы таныстырылып, алдағы Парламент Мәжілісі сайлауына арналған партиялық тізім жарияланды. Алқалы жиынды ашқан Тұңғыш Президент, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев бүгінгі таңда «Nur Otan» партиясы еліміздегі ең басты саяси күшке айналып отырғанын атап өтті. Съезде сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев партия бағдарламасы елдің әлеу­меттік прогресі мен халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған негізгі төрт бағытты қамтығанын айтты.

Елордадағы съезге партияның орталық және жергілікті органдарының басшылары, депутаттар, үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері мен журналистер бейнеконференция арқылы қосылды.

Тұңғыш Президент, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев партияның кезектен тыс XX съезін ашып, съезд жұмысына қатысу үшін 400 делегат сайланғанын айтты. «Қазақта жүре берсең, көре бересің деген сөз бар. Мінеки, съезді қашықтан өткізуге мәжбүр болып отырмыз. Осындай заманға тап келдік. Бұл да өміріміздің бір саласы ретінде есте қалады. Аманшылық болса, талай бірге кездесіп, шүйіркелесіп, жүздесіп, құшақтасатын боламыз. Сол күнге тезірек жеткізсін» деді Елбасы.
Сондай-ақ съезге Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Үкімет басшысы Асқар Мамин, Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин, «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек қатысты.

Нақты шаралар кешені

Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаев партия бағдарламасы негізгі төрт бағытты қамтығанын айтты. Экономикадағы қиындықтарға қарамастан, «Nur Otan» алдағы бес жылда бағдарламаны жүзеге асыруға 21 трлн теңгені жұмылдыруды жоспарлап отыр. Бағдарлама елдің әлеуметтік прогресі мен халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған нақты шаралар кешенінен тұрады. «Әр азаматқа өз әлеуетін іске асыру үшін тең мүмкіндіктер беру керек. Біз әлеуметтік, экономикалық саясатта нарық тәсілдерін басшылыққа аламыз. Қаржыны және жәрдемақыны негізсіз оңды-солды таратуды тоқтату қажет. Мемлекет атаулы әлеуметтік көмекті шын мәнінде мұқтаж адамдарға беруі керек. Ең бастысы – әлеуметтік әділеттілік. Сондықтан біз мұқтаж жандарды қолдауға көп көңіл бөлеміз. Алдағы бес жыл ішінде әлеуметтік төлемдерді жыл сайын индекстеуге 3 триллионнан аса теңге бөлінетін болады. Үйлестірілген зейнетақы мөлшері де жыл сайын индекстеледі. Сонымен қатар, біз мұны инфляция деңгейіне екі пайыз қосу арқылы жүзеге асыруды ұсынамыз. 2025 жылға қарай мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту 30 пайызға жетеді. 5 жыл ішінде колледждер мен жоғары оқу орындары инклюзивті білім беру жүйесімен толық қамтылады. Сонымен қатар, мектепке дейінгі мекемелер мен мектептерде бұл көрсеткішті 70 пайызға жеткіземіз. Қазіргі уақытта партияның 30 пайызы әйелдер қауымынан құралған. Бұл – нәзік жандылар үшін мемлекеттің басқару саласына араласуға үлкен мүмкіндік. Алдағы уақытта мазмұны жағынан мүлдем жаңа партияның әлеуметтік кодексі дайындалады. Кодексте қоғам мен мемлекет арасында байланыс орнатудың тың тәсілдері көрсетіледі» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.Білімді ұрпақ – ел болашағы

Президент еліміз бәсекеге қабілетті болуы үшін білім және мәдениет саласын өркендетуге, жастарды қолдауға үлкен мән беруіміз керек екенін атап өтті. Алдағы уақытта Қазақстан бойынша 800 жаңа мектеп салынып, апатты жағдайдағы және 3 ауысымды мектептердің мәселесі шешілмек. Ауыл мектептерінің дамуына ерекше көңіл бөлінеді. Шағын қалалар мен аудан орталықтарында, ауылдық жерде орналасқан 5000-нан астам мектеп жаңартылады. Педагог мамандарға сұранысты арттыру және білім сапасын жақсарту мақсатында мұғалімдердің жалақысы 2 есе көбейеді. Назарбаев университеті тәжірибесімен кемінде екі озық өңірлік жоғары оқу орны құрылады. 2025 жылға қарай жоғары білімге бөлінетін грант саны 50 пайызға артпақ. Бұл – 75 мың жас жоғары білімді тегін алады деген сөз. Студенттердің шәкіртақысы 2 есеге, магистранттар мен докторанттардың шәкіртақысы 1,5 есеге көбейеді. Колледждер мен университеттердің жатақханаларындағы орындар саны кем дегенде 50 мыңға артады. «Алғашқы жұмыс орны» жобасы іске қосылып, жылына 5000 адам қамтылмақ. Ал бизнес саласындағы жас кәсіпкерлерге жыл сайын 10 мың грант ұсынылады. Жұмыс істеп жүрген жастарға жылына 3000 жалдамалы пәтер беріледі.

Өңірлер өркендесе

Сондай-ақ алдағы уақытта елімізде жаңа Экологиялық кодекс пен Жасыл өсім тұжырымдамасы қабылданады. Президент кез келген шаруашылық қызметімен айналысқан жағдайда табиғатты сақтау және оны қорғау міндеті басты қағидаттың біріне айналатындығын баса айтты. «Өңірлердегі тұрмыс сапасын жақсарту басты назарымызда болады. Жаңа өңірлік стандарттарға сәйкес 3,5 мыңнан астам ауыл жаңартылады. Барлық қалалар мен ауылдар сумен қамтамасыз етіледі. 246 елді мекенге газ тартылады. Қазір мұндай елді мекендерде 900 мың адам тұрып жатыр. Олардың 350 мыңнан астамы – Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Жезқазған және Теміртау қалаларының тұрғындары. 53 тазалау қондырғысын орнату және жаңғырту арқылы еліміздің барлық өңіріндегі ағын суды тазартуға мүмкіндік туады. Бұл осы саладағы түйткілді мәселенің ұтымды шешімі болмақ. Жол құрылысы қолға алынады. Әр ауылға дейінгі барлық жолдар, яғни 27 мың шақырым жол жөндеуден өткізіледі. Облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалалар жылдамдығы жоғары 5G интернетімен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар ауылдардың 99 пайызы осындай мүмкіндікке ие болады. Ауылдық жерлерге қажет мамандарды дәрігерлерді, мұғалімдерді тартуға назар аударылады. Оларға үй салу үшін жылына 22 мың жер телімі бөлінеді. Облыс орталықтарына және шағын қалаларға жылына 25 мың жер телімі беріледі. Жалпы алғанда алдағы бес жылда шамамен 1 миллион отбасы үшін 100 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салынады. Соның ішінде 300 мыңға жуық пәтерді әлеуметтік тұрғынүй ретінде жеңілдікпен пайдалануға болады. Шөл дала мәселесін, Семей ядролық полигонын, Байқоңыр космодромы төңірегіндегі экологиялық түйткілдерді шешу жұмыстары жалғасын табады. Аралдың солтүстік бөлігін қалпына келтіру және Жайық өзені алабының экологиялық жүйесін жақсарту жөнінде шаралар қабылданады» деді Мемлекет басшысы.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы белсенді түрде жүзеге асырыла береді. «Бұл аса маңызды құжат ұрпақтың санасын серпілтіп, ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруға арқау болады. Мұнан бөлек, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын одан ары кеңейтуге күш жұмылдырамыз. Ана тілімізді ардақтамасақ, елдігімізге сын» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Партияның жетістігі –халық сенімі

«Әр партия үшін съезд өткізу өте үлкен мәселе, өте үлкен кезең, өте үлкен жұмыс саналады. Съезд өткен сайын өткенге қарап, қандай табыстарға жеткенімізді, халық алдындағы бағдарламамыздың орындалу барысын қорытындылаймыз. Бүгінде «Nur Otan» партиясы еліміздегі ең басты саяси күшке айналғанын көріп отырмыз. Осы жылдардың ішінде партия ішкі тұрақтылықтың тірегіне айналды. Халықтың әл-ауқатын арттыру жолында аянбай жұмыс істеді. Мұның бәрі партияның ел болашағына сенімі берік азаматтарды біріктіруінің арқасында мүмкін болды. 30 жылда қандай қиыншылықтардан өтсек те, біз елімізді айтарлықтай өркендеттік, халықтың әл-ауқатын жөндедік» деді Тұңғыш Президент.
Елбасы аз уақыттың ішінде мемлекет құрып, шекараны бекіткенімізді, жаңа астананың іргесін қалағанымызды атап өтті. «Іс жүзіне келер болсақ, оның артында қаншама атқарған іс, жұмыс, қаншама қиыншылық пен тартыс жатыр. Тек Ресеймен 7 500 шақырым шекараның әр шақырымын шегендеу, әр ауыл төңірегінен өту өте қиын. Мысалы, Өзбекстанмен шекараны шегендеген кезде бір үйдің бір бөлмесі Қазақстанда, бір бөлмесі Өзбекстанда қала жаздаған да жағдай болды. Соның бәрін шешуге тура келді. Шекарамыз 14 мың шақырым болса, соның бәрін тұңғыш рет шегендеп қол қойып, БҰҰ-ға тапсырдық. Шекарасы жоқ ел мемлекет емес. Шекарасыз ел болмайды» деді Нұрсұлтан ­Назарбаев. Сонымен қатар Елбасы өз сөзінде тағдырдың жазуымен әлемнің әр қиырына тарыдай шашылған 1 млн-нан астам қандасымызды елге қайтарғанымызды айтты. «Ол процесс әлі тоқтаған жоқ. Әлі де келіп жатыр. Келеміз деген азаматтардың барлығын Қазақстан құшақ жая қарсы алып, мүмкіндігінше көмектеседі» деді Елбасы.

Бәйгеге кімдер қосылмақ?

Съезде Мәжіліс сайлауына арналған партиялық тізім бекітілді. Партиялық тізім 126 кандидаттан тұрады. Олардың ішінде 77 кандидат – партияішілік праймериз қорытындысы, ал 49 адам орталық партиялық квота бойынша анықталған.
Кандидаттардың жалпы тізімінде Парламент Мәжілісінің қызметтегі депутаттары 20%-тен аспайды, мемлекеттік басқару саласының өкілдері – 13%, білім және денсаулық сақтау саласы – 12%, үкіметтік емес ұйымдар – 9% және өнеркәсіп 8% болды.
Тізімнің үштен бірі – әйелдер. Кандидаттардың орташа жасы бұрынғы партиялық тізімдермен салыстырғанда 4 жылға төмендеп, 48 жас болды.
Атап айтсақ, тізімде Қазақстан Премьер-министрі Асқар Мамин, «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, Нұрсұлтан Назарбаев қорының директоры Дариға Назарбаева, Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин, Президент Әкімшілігінің басшысы Ерлан Қошанов, Президенттің көмекшісі – Президент Әкімшілігінің өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі Тамара Дүйсенова, вице-премьер Ералы Тоғжанов, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов және тағы басқалар бар.
Тұңғыш Президент сайлау науқанын табысты өткізу үшін республикалық және өңірлік штаб­тардың үйлесімді жұмысын ұйым­дастыру қажеттігін қадап айтты. «Кандидаттар, белсенділер, сенім білдірілген тұлғалар барлық өңірге барып, әр сайлаушыға түсінікті тілде партия ұсыныстарын айтып беруі тиіс. Мұнан әрі даму үшін қандай бағдарлама ұсынатынын түсіндіруі керек. Осы орайда республикалық сайлауалды штабтың жетекшісі қызметіне партиядағы орынбасарым Бауыржан Байбекті ұсынамын. Оған штабтың жеке құрамын, мүшелерін айқындап, сайлау науқанын ұйымдастыру, барлық облыстық штабтармен, әкімдермен және белсенділерімізбен жұмыс істеуді тапсырамын» деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Көктем ҚАРҚЫН

Марадона

$
0
0

Жүрек сырқатынан қайтыс болған аргентиналық атақты футболшы Диего Марадона мәйіті Буэнос-Айрес­тегі Аргентина Президентінің резиденция­сынан шығарылды. Бұл оқиға бүкіл әлем жанкүйерлерін толқытты.

Біле білсек, әлемдегі ең көрікті спорт – футбол. Жер жүзінде бір сәтте миллион адам футбол ойнап жүреді. Футболдың бір ойынын көру үшін 100 мың жанкүйер жиналады.
Міне, осындай құдіреті бар спорттың бір жұлдызы Марадона еді. Сол ала допты ұршықша иірген Ұлы футболшы өткен сәрсенбіде жарық дүниеден өтіп кетті.
1960 жылы 30 қазанда Буэнос-Айрестің іргесіндегі Ланус тұрғын алабында туған Аргентина футболшысы Диего Армандо Марадона үш жасында футболға арбалды. Ағасы туған күніне сыйлаған доп оның өміріне жол сілтеді. Таңертеңнен кешке дейін аулада доп ойнаудан жалықпайтын. Бірақ, екі ұлы мен бес қызын асырау үшін қара жұмыс істеп нәпақасын табатын әкесі алғашқыда баласының футболға әуестігіне қарсы болды. Әсіресе, анасы допты тығып тастап ұлының футболға баруына мейлінше кедергі келтіретін. Ол оның бухгалтер болғанын қалайтын еді. Бірақ әке жүрегі баласының бойындағы талантты дер кезінде сезіп, бар жиған-тергенін ұлының қажетіне жұмсайды. Көп ұзамай «Лос Себальитос» балалар командасына қабылданады. Сол аяғының соққысын көрген бапкерлер оны бірден жасөспірімдер жарысына қосатын болады. Сөйтіп, Марадона 15 жасында, нақтылап айтқанда, 1976 жылдың 20 қазан күні Аргентинаның ұлттық біріншілігінде ойнайтын «Архентинос Хуниорс» командасының негізгі құрамында ойынға шығады. Бірде жартылай қорғаушы, бірде шабуылшы болып көзге түскен Марадона Аргентинаның атақты командасы «Бока Хуниорсқа» шақырту алады. Елінің чемпионы болады. Жастар арасындағы әлем чемпионы атанады. Осы кезеңде Еуропа командалары аргентиналық талантты футболшыны өз командаларына тартуға кіріседі. Бұл бәсекеде Испанияның «Барселона» командасы Марадонаны өз құрамына алады. Бірақ ол бұл командада ұзақ тұрақтамайды. Ал 1984-1991 жылдары Италияның «Наполи» командасына ойнаған Марадона есімі бүкіл әлемге таныла бастайды. Аргентиналық жұлдыз Неаполь қаласының сүйіктісіне айналады. «Наполи» командасымен 188 ойын өткізіп, 81 рет голдың авторы болып, бірнеше мәрте чемпиондық атаққа жеткізіп, УЕФА турнирлерінде топ жарады. Еуропаның үздік ойыншысы атанады. Осы кезеңде Марадона Аргентина ұлттық құрамасы сапында да жасындай жарқылдайды. 1986 жылы Мексикада өткен әлем чемпионатында керемет шеберлігімен көзге түсіп Аргентина құрамасы тұңғыш рет әлем чемпионы атағын жеңіп алады. Әлемдік доданың қорытындысында Марадонаға «Алтын доп» табысталады. Ал 1990 жылы Италияда өткен әлем чемпионатында күміс жүлдеге қол созды. Жалпы Марадона спорттық ғұмырында 492 матч өткізіп, 258 голдың авторы атанды. Аргентина ұлттық құрамасында 91 ойын өткізіп, 34 гол соқты. Атақты футболшы карьерасын 1997 жылы өзінің «Бока Хуниорс» командасында аяқтады.
Марадона ФИФА сайтының дауыс беру нәтижесінде ХХ ғасырды үздік футболшысы болып танылды.
Марадонаның әлем чемпионатында Англия құрамасына соққан голы бүкіл әлемнің талқылауына түскен еді. «Бұл гол қолмен соғылды» деген сөзге Марадона өзі бірнеше жылдардын кейін «Бұл Құдайдың қолы болды» деп жауап берген болатын.
Марадона футболдан кейін Аргентина және Италия телевидениесінде комментатор болып жұмыс істеді. Аргентина ұлттық құрамасына бас жаттықтырушы болды. Марадона Буэнос-Айрос қаласының құрметті азаматы, Аргентинада Диего Марадона стадионы бар.
Әлем жұртшылығы Марадонаны тек қана керемет футболшы ретінде біліп қоймай, оның өмірдегі келеңсіз жақтарын да жақсы біледі. Атақты футболшы бір кездері есірткіге тәуелді болып, мәжбүрлі емделуге жіберілген. Пневматикалық қарудан журналистке қарсы оқ атқаны үшін де жауапкершілікке тартылған болатын. Алайда Марадонаның бұл пендешіліктері оның заңғар таланты мен атақ-абыройына, жанкешті еңбегі мен ақжарқын мінезіне көлеңке түсірмек емес.
Иә, әлем футболының аңызына айналған аргентиналық «алтын бала» (бала кезінде бапкерлері осылай атаған Ғ.Қ.) өзімен бірге футбол деген сиқыр­дың бір дәуірін ала кетті. Мұндай талантты ойыншы енді туар ма екен…

Қауіпке қарсы қамсыз емес

$
0
0

Республика бойынша вирустың репродуктивтілік көрсеткіші 1,07 болды. Бұл туралы апта басында Үкімет басшысы Асқар Мамин аурудың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық селекторлық отырыста айтты. Елдегі инфекциялық кереуеттердің әзірге 22 пайызы, жан сақтау бөлімшелеріндегі орындардың 17 пайызы пайдаланылуда. Қызыл аймақта еліміздің бес өңірі – ШҚО, Павлодар, Қостанай, СҚО, Ақмола облыстары тұр. Сары аймақта – Нұр-Сұлтан қаласы мен БҚО.

Қазақстанда жаһандық індет тарағалы 8 жарым айдың ішінде вирусты 129213 адам жұқтырып, соның 115 384-і емделіп шықты. Өкінішке қарай, пандемия кезінде 2 мыңға жуық адам өмірімен қоштасты. Қазір елімізде коронавирус инфекциясынан 11 816 адам емделіп жатыр. Олардың арасында 781 бала бар. Стационарларда 3 276 науқас, амбулаториялық деңгейде 8 540 емделіп жүр.
26 қарашадағы бір тәулікте елде 813 адам вирус жұқтырды. Елорда – 15 833 жұқтыру көрсеткішімен ШҚО және Алматыдан кейінгі үшінші орында. Дертті жеңе алмай көз жұмғандардың ең жасы 37 жаста болса, ең үлкені – 93-те. Жалпы бұл вирустық аурудан көз жұмғандардың дені – 50-80 жас аралығындағы адамдар. Дертті жұқтырушылар қатары шетелді шарлап келгендер арқылы да көбейіп отыр. 25 қарашада Египет, Түркия, Корея, БАӘ, Нидерланды, Беларуссия, Өзбекстаннан 12 халықаралық әуе рейсі арқылы келген 1026 жолаушының ішінен 2 адамнан вирус анықталды. Жалпы биыл 6 қазан мен 14 қараша аралығында 50 адам шетелден вирус жұқтырып келген.
Премьер-министр денсаулық сақтау және индустрия министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, медициналық жабдықтар жеткізуді аяқтауды, инфекциялық стационарлардағы жан сақтау бөлімшелерін толық жабдықтауды тапсырды. Эпидемиялық ахуал нашарлап кетер болса, соған ауруханалар мен госпитальдердің 100 пайыз дайындығын қамтамасыз ету керек. ІІМ, Еңбек, Білім және Қорғаныс министрліктері әкімдіктермен бірлесе профилактикалық және эпидемияға қарсы шаралардың ұжымдарда сақталуын бақылауды күшейтуі тиіс. ДСМ әкімдікпен бірге зертханалық зерттеудің дәйектілігін қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдайды. Осыған орай зерттеу айқындылығы үшін 1 желтоқсанға дейін бірыңғай ақпараттық жүйе арқылы зертханаларды біріктіру жұмыстарын да тәмамдау маңызды. Соған қоса ДСМ-ге бір апта ішінде ковидке қарсы препараттардың шекті құнын төмендету үшін олардың бағасын реттеу тәртібін өзгертуге тапсырма берілді. Бәсекелестікті дамыту және қорғау агенттігі Қазақстандағы ковидке қарсы дәрілер құны көтеріліп кетпеу үшін шетелдік фармацевтикалық нарықтағы баға конъюнктурасына талдау жүргізеді.
Аталған агенттіктің ДСМ-мен бірге COVID-19 ауруын емдеуге арналған дәрілер бағасын түсіру бойынша тұрақты жұмыстары нәтижесін берді. Сонымен Қазақстанда жасалған, ковидке қарсы 58 дәрінің бағасы төмендетілгені белгілі болды. Бұл – Мемлекет басшысының өткен аптада Үкімет мүшелерімен, бірқатар мемлекеттік органдар басшыларымен және қалалар, облыстар әкімдерімен өткен отырысында берген тапсырмасы болатын.

Белсенді болу өлімнен сақтайды

ДДҰ пандемия кезіндегі дене белсенділігі нормалары бойынша ұсынымдарға түзетулер енгізді. Енді ересек адамдар мен балалар үшін де ұдайы дене белсенділігін сақтау маңызды. Ұйым өкілдерінің айтуынша, әлем халқы дене қозғалысы жағынан бүгінгіден анағұрлым белсендірек болса, бұл жылына 5 млн адамға дейін жететін өлім көрсеткішін болдырмауға септік етер еді.
Қазір адамдар коронавирусқа байланысты үйлерінен шықпауға мәжбүр. Енді қай жаста болса да, қандай қимыл-қозғалыс түрімен айналысса да адамдардың белсендірек болғаны жөн. Жаңа ұсыным бойынша ересектер, соның ішінде созылмалы аурулары бар адамдарда немесе мүгедектерде де аптасына орташа интенсивті деңгейдегі 150-300 минуттық дене белсенділігі болуы керек. Балалар мен жасөспірімдерге күніне орташа есеппен 60 минут орташа немесе жоғары интенсивті аэробикалық жаттығулар жасауға кеңес беріледі.
Ұйым мәліметтері бойынша егде адамдар, шамамен 65 және одан жоғары жастағыларға тепе-теңдік сақтауды және координацияны жақсартатын белсенді қимыл түрлерін жасап, бұлшық еттерді нығайтуға кеңес етіледі. Ұдайы дене белсенділігін сақтау жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алуға, екінші типтегі қант диабетін емдеуге көмектесуге, күйзеліс белгілерін азайтуға, когнитивті қабілеттерді төмендетіп, жадыны, ми қызметін жақсартуға септік етеді. ДДҰ бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус айтқандай, дене қимылын белсенді қозғалыста ұстау адам өмірін ұзартып, өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етеді.

Грузияда қосымша шектеу

Бүгіннен бастап Грузияда қосымша карантин шектеулері енгізілді. Соның шеңберінде жаңа коменданттық сағат енгізіліп, көптеген дүкендер мен мейрамханалар, бассейндер мен тренажер залдар жабылады, көлік жұмысы мен спорттық, мәдени шаралар өткізуге шектеу қойылады. Бұл шектеулер келесі жылдың 31 қаңтарына дейін жалғасатын болды.
Елдің премьер-министрі ­Георгий Гахария шектеу шаралары тек православтық Рождество мерекесіне орай 24 желтоқсан мен 3 қаңтар аралығы және 6-7 қаңтарда жеңілдетілетінін жеткізді. Жаңа коменданттық сағат бұрынғыдан бір сағат ерте, кешке 22.00-де басталып, таңғы 5-ке дейін жалғасады. Бұл аралықта жаяу жүргіншілер мен көліктер қозғалысына шектеу қойылады. Ал банктер, азық-түлік және зоодүкендер, ауылшаруашылығы базарлары, дәріханалар шектеусіз жұмысын жүргізе береді. Қонақүйлер тек дерт жұқтырғандарды орналастыру үшін ғана ашық болады, барлық қысқы курорттар жұмысы тоқтайды. Мекемелердегі қызметкерлердің 80 пайызы қашықтан жұмыс істеуге жіберіліп, мектептер мен ЖОО-дағы сабақтар онлайн түрде жалғасады, балабақшалар жабық болады. Грузия билігі мекемелер ішінде де, көшеде де міндетті маска тағу талаптарын енгізді. Бүгінде бұл елде 118 690 адам ауру жұқтырып, 1124 адам дерттен көз жұмған.

Оңтүстік Кореяда – үшінші толқын

Биыл 24 қарашадан бері Оңтүстік Кореяда күніне ауру жұқтырған 300 адамнан анықталуда. Билік елдегі пандемияның ақпан-мамыр және тамыздағы кезеңін салыстыра келе қазір үшінші толқын өтіп жатыр деп санап отырғанын мәлімдеді. Қазір мұнда ел астанасы маңайында әлеуметтік қашықтық сақтау шаралары күшейтілді. Ауру профилактикасы және бақылау жөніндегі Корея агенттігінің мәліметтеріне қарағанда, елде ауру жұқтырғандар саны 31 мыңнан асты. Бұл елде қазір әлеуметтік қашықтық сақтау жүйесінің бес деңгейі қолданылуда. Түнгі клубтар мен жұқтыру қаупі басым басқа да орындар жабылып, кафелер келушілерді қабылдамай, тағамды үйге жеткізу қызметіне көшті. Мейрамханаларға кешке 21.00-ден кейін қызмет көрсетуге тыйым салынды. Үйлену тойлары мен жерлеу рәсімін өткізу залдарында 100 адамнан артық адам жиналмайды. Мемлекеттік қоғамдық нысандар да тек әдеттегідей емес, 30 пайыз толтыра отырып қана адам қабылдайды.

Ұлыбритания пабтарын қайта ашпақ

Джонс Хопкинс университетінің мәліметтері бойынша, пандемия басталғалы әлемде адамдардың 60,5 млн-нан астамы коронавирус инфекциясын жұқтырды. Дерттен 1,4 млн адам көз жұмды.
Өткенде шектеу шараларын күшейткен Лондонда 2 желтоқсанда локдаун аяқталғаннан кейін пабтар қайтадан ашылып, карантиндік шектеудің үш балды жүйесі енгізілетін болды. Елдегі әр өңір эпидемиологиялық жағдайына қарай бағаланады, яғни ауру жұқтырудың, өлімнің, аурухананы толтырудың жаңа жағдайлары қалай болса, соған қарай шектеу шаралары да ішінара өзгеріске ұшырауы мүмкін. Мұндай жүйе Ұлыбританияда күзде де болған, бірақ қысқы нұсқасы қаталдау болады деп болжанып отыр.
Еуропадағы тау шаңғысы мау­­сымы сәл кештеу басталуы мүмкін. Себебі пандемия басталғанда коронавирус инфекциясының таралу ошақтарының бірі – осы тау шаңғысы курорттары болған еді. Кейбір Еуропа елдері дерттің таралуына байланысты жағдайды у­­шықтырмас үшін өздерінің тау шаңғы курорттарын келесі жылға дейін жаба тұруға дайын.

Германияда локдаун ұзартылды

Ел билігі локдаунды 20 желтоқсанға дейін созуға шешім қабылдады. Алайда кейбір шектеулер одан соң да сақталуы мүмкін. Әсіресе, сауда орталықтары мен дүкендерге келушілер санына шектеу қойылып, қоғамдық орындарда маска тағу міндеттеледі. 23 желтоқсан мен 1 қаңтар аралығындағы мерекелер кезінде топ болып тек 10 адамға дейін жиналуға рұқсат етіледі. Меркель Бундестагта сөйлеген сөзінде қатаң шектеулерді қалдыру керек деді. Себебі тек сонда ғана 100 мың адамға шаққанда жұқтырудың жаңа жағдайы аптасына 50-ден аспайтын болады деп санайды. Ал қазір Берлинді қоса алғанда елдегі 62 елді мекенде бұл көрсеткіш 200 адамды құрап отыр. «Өкінішке қарай, Рождество мен Жаңа жылға таман елдегі жағдай жақсарады деп уәде ете алмаймыз» деді ол.

Топ жарған вакциналар үштігі

Соңғы клиникалық сынақ мерзімінен өткізіліп жатқан 3 вакцина өндіруші өз препараттарының тиімділігі теңдессіз деп мәлімдеді. Тіпті апта сайынғы мұндай мәлімдемелер қазір әлемде коронавирусқа қарсы вакциналардың жарысы өтіп жатқандай әсер қалдырады. ДДҰ сарапшылары тиімділігі 70 пайыздан асқан кез келген вакцинаны сәтті жасалды деп санайтынын жеткізді.
Сонымен бұл үштіктің қатарындағы бірінші вакцина – америкалық Pfizer компаниясының өнімі. Бірнеше апта бұрын олар өз екпелерінің вирустан 95 пайыз қорғайтындай тиімділігі дәлелденгенін айтқан. Бұл – жақсы көрсеткіш, себебі оны алған 100 адамның 95-де тұрақты иммунитет қалыптасады. Екінші үміткер вакцина – америкалық Moderna да вирустан 94,5% қорғайды деп дәлел келтірілді. Үшіншісі Ресейдің Гамалея орталығы дайындаған «Спутник V» вакцинасы вирустан 92 пайыз қорғай алады. Бұл үш вакцинаны шығарушы компаниялардың бәрі де – нарықта көп жылдан бері келе жатқан, сенімге ие болған өндірушілер. Олардың бәрі де жыл соңына дейін өз екпелерінің миллиондаған дозасын шығаруға дайын. Бірақ әзірге үшеуі де алдағы жылдың мамыр айына дейін ауқымды клиникалық сынақтардан өткізіледі. Сондықтан олардың ішінде қайсысының коронавирустан қорғау тиімділігі жоғары екенін айтуға әлі ерте.

«Барсакелмеске» бару керек

$
0
0

Мемлекет басшысының бастамасымен алғаш рет орман шаруашылығы мен жануарлар әлемін қорғау саласындағы «Елім-ай» республикалық сыйлығы белгіленіп, оған үміткерлер 16 аталым бойынша таңдалды. Соның ішінде «Ең үздік қорық» аталымын «Барсакелмес» мемлекеттік табиғи қорығы жеңіп алды. Бұл айтулы марапат жеңімпаздарға елордада тапсырылды. Сол кезде аталған қорыққа он жылдан бері басшылық жасап келе жатқан Зәуреш ӘЛІМБЕТОВАМЕН жүздесіп, қорықтың тарихы мен қазіргі жағдайы жайында әңгімелескен едік.

ЭКСПЕДИЦИЯ ҚҰРАМЫНДА ТАРАС ШЕВЧЕНКО БОЛДЫ

– Зәуреш Жансұлтан­қызы, «Барсакелмес» деген атаудың өзі адамға тосын естіледі, жалпы осы аралдың тарихы, алғашқы зерттеу жұмыстары қай кезде басталды,сөзімізді содан өрбітсек?
– Барсакелмес – Арал теңізінің солтүстік бөлігінде орналасқан түбектің атауы. Аралдың айбыны асып, айдыны тасыған кезінде теңіздің ортасындағы осы аралға адам аяғы онша жете қоймаған. Бұл атау туралы ел ішінде түрлі аңыз да көп. Барсакелместі географиялық картаға алғаш рет 1831 жылы ғалым А.Левшин түсірді. 1848 жылы Арал теңізі мен ондағы аралдарды зерттеу лейтенант Алексей Иванович Бутаковқа жүктелді. Бұл – алғашқы экспедиция құрамында ғалымдар, тіпті ақ патшаның бұғауына көнбей, айдауда жүрген украинаның ұлы ақыны Тарас Шевченко да болған. Атақты ақынның таланты мен қабілетін ерекше бағалаған экспедиция басшысы мен серіктері оны өздерімен бірге алып жүріпті. Бұл сая­хат ұлы кобзорға шалқар шабыт сыйлап, теңіздің буырқанған толқындары мен өңірдің көркем бейнесін қылқаламымен ақ параққа бейнелеген. Аралда бертінге дейін ақын еккен ағаш өсіп тұрды, оны білетіндер күтіп, баптап жүретін. Өкінішке қарай, бір жылдары даладағы қамысқа өрт тигенде ақынның ағашы жанып кетті.
Жалпы Ресей патшасы Арал теңізі мен ондағы мол балық қорына үлкен қызығушылық танытқан. Енді Арал – Орта Азиядағы біраз елмен түйісіп жатқан, табиғи ресурстарға бай, әлемдегі төртінші көл саналды. Сондықтан да алыстағы патшаның көз құрты теңіздің тайдай тулаған балығы мен құмында жортқан аңына ғана емес, сыңсып өскен сексеуіл орманына да түсті. Зулаған самолет пен машинасы жоқ заманда жүйрік әрі ыңғайлы көлік саналған тепло­воз бен паровозға сексеуіл секілді қызуы мол отынды пайдалануды ойлады.
– Алғашқы экспедицияда болған ғалымдар қандай зерттеу жүргізді, соны айтасыз ба?
– Экспедиция құрамы Арал аймағында екі жыл қыстап, теңіздегі барлық аралдарды аралап, оның пішіні мен көлемін анықтап, рельефіне, топырағына және жануарлар әлемі мен өсімдіктер дүниесіне сипаттама жазады. Осы құрамда болған географ А.Макшеев пен топограф А.Акишев аралдың топографиялық сызбасын жасап, табиғатын зерттейді. Бір деректерде ­Тарас Шевченко ландшафттық суреттемелерін салған деп айтады. Алайда ол суреттер сақталмаған. Бұл зерттеулер кейінгі ғалымдарға бағыт-бағдар, темірқазық болды. Одан кейін де аралға басқа да ғалымдар ат ізін салды, мәселен, 1874 жылы Мәскеу университетінің ғалымы ­В.Аленицын келіп, ол теңіздің ландшафтын сипаттаумен қатар, осындағы бауырымен жорғалаушылар мен қосмекенділерді зерттеді. 1900 жылы танымал орыс географы Л.Берг, 1922 жылы ботаник И.Райкова да зерттеу жүргізген. Бұлар аралдан өсімдіктер үлгісін жинап, оны Санкт-Петербург пен Ташкенттің ірі гербарийлік орталықтарға тапсырды деген дерек бар. Барсакелмес аралында бір ғасырдан кейін алғашқы экспедиция басшысы Алексей Бутаковка ескерткіш қойылды.
– Енді табиғи қорық­тағы жануарлар мен өсімдіктерге тоқталсаңыз?
– 1929 жылы Барсакелмес аралы алғаш қорғалым ретінде құрылып, 1939 жылы 10 желтоқсанда өкіметтің қаулысымен мемлекеттік қорыққа айналып, ерекше қорғалатын табиғи аумақ дәрежесіне ие болды. Сол жылдары қорықтың жалпы көлемі 16795 шақырымды қамтыған. Былтыр табиғи қорықтың құрылғанына 80 жыл толды. Былайша айтқанда, бір ғасырға жуық уақыт ішінде қорық түрлі кезеңді бастан кешті. Алғашқы қорғалым ретінде құрылған жылдары аралдағы киіктердің санын көбейту үшін біраз ақбөкендер әкелінді. Олар жақсы өсім беріп, киіктер саны үш мыңға жетті. Осы жылдары «Союзпушнина» деген аңшылық шаруашылығы ұйымдастырылып, оның қорықтағы жануарлар мен құстардың өсуіне әсері мол болды. Балпақ, қарақұйрық, ор қоян, сұры құр, қырғауылдарды әкеліп жерсіндірді.
Шын мәнінде, қорықтағы жануарлар әлемі – өзінше жатқан ғажайып. Бізде омырт­қасыз жәндіктердің 12 отрядына жататын, олардың 2000-ға жуық түрі болса, тек өрмекші тұқымдастардың 107 түрін көруге болады. Сондай-ақ бауырымен жорғалаушылардың 12 түрі, 178-ге жақын қанаттылар түрін кездестіресіз. Қосмекенділерге жататын – жасыл құрбақа мен көлбақа да мекен етеді. Арал аймағы өсімдікке де өте бай, бізде өзіміздің өңірге тән 298 өсімдік түрі өседі. Соның ішінде адыраспан, жусан, тұзды топыраққа тиімді жыңғылды ерекшелеп айтамыз. Аралда жусанның – 30, жүзгеннің – 6, жыңғылдың – 6, сексеуілдің 2-і түрі тамыр жайған.
Сонымен бірге қорықта 28 сүтқоректі жануар бар, олардың бірнеше түрі дүние­жүзіндегі «Қызыл кітапқа» енгізілген. Олардың біріншісі – құлан да, екіншісі – қарақұйрық. Ал құстардың 178 түрі мекендейді, оның 27 түрі Қазақстанның «Қызыл кітабына» кірген. Бұдан бөлек, 12 бауырымен жорғалаушы мен 2 қосмекенді тіршілік етеді. Қысқасы, біздің табиғи қорық осындай құны бағалы құндылықтарымен бай.ЕЛБАСЫНЫҢ ҚОЛДАУЫ ҚОРЫҚҚА СЕРПІН БЕРДІ

– Жер бетінен бір теңіздің жойылып кетуі деген адамзат үшін үлкен қасірет. Осындай күрделі кезеңде қорықтың жағдайы қалай болды, мамандар не істеді?
– Арал теңізі тартылған тұста Барсакелмес аралының берекесі кеткені шындық. Оған тоқсаныншы жылдардағы қиындықтар қосылды. Бұрын теңіздің ортасындағы аралға самолет ұшатын, ол экономикалық жағдайға байланысты тоқтап қалды. Мұндай көңіл жабырқатар көріністер өмір бойы жан дүниесі табиғатпен егіз болып кеткен қорық қызметкерлеріне ауыр тиді.
Барсакелместі бір көрген адам оған жіпсіз байланады. Белгілі биолог ғалым Мұса Смайылов деген ағамыз: «Қазақстанның көп жерінде болдым, бірақ мен үшін ең ыстық мекен – Барсакелмес қорығы» деп айтқаны бар. «Барсакелмес» – табиғаттың ерекше байлығы, оны көзбен көру үшін оған бару керек.
– Қиындықтан қалай шықтыңыздар?
– Бұл біз үшін сынақ болды деуге болады, сонда да ертеңге деген сенімнен, жақсы күндерден үмітімізді үзбедік. Қалай да табиғи қорықты сақтап қалу үшін бар мүмкіндікті пайдалануға тырыстық. Ғалымдар мен мамандар тиісті орындарға Барсакелмес аралының айрықша табиғаты мен құндылығын, онда дүниежүзілік «Қызыл кітапқа» енген құландар мен қарақұйрықтар, қаншама өсімдіктер, еліміздегі сирек кездесетін сексеуіл орманы бар екендігін дәлелдеуге күш салдық. Ақыры ол үмітіміз ақталды. 2005 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қызылордаға келген сапарында Арал өңіріне арнайы ат басын бұрып, мемлекеттік табиғи қорық жұмысымен кеңірек танысып, ондағы жануарлар мен өсімдіктер дүниесіне қызығушылығын білдіреді. Елбасының бұл сапарынан кейін Сырдария өзені арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалу жөнінде ауқымды жоба қолға алынды. Көп ұзамай Көкарал бөгеті қалпына келтірілді. Осы толайым игілікті істер Барсакелмеске тың тыныс әкеліп, сол жылы Үкімет қаулысымен қорыққа 2-ші негізгі кластерлік уческе қосылып, оның аумағы 16795 гектардан 160826 гектар ұлғайып, он есеге көбейді.
– Сіз қорықты он жылдан бері басқарып келесіз, осы аралықта қандай жұмыстар атқарылды?
– Халқымыз «Су – тіршілік көзі» деп асылық айтпаған, Кіші теңіздің арнасы қайта толуы, Барсакелместің ғана емес, Арал ауданының экономикалық-әлеуметтік жағдайына жаңаша серпін беріп, халықтың тұрмысы жақсара бастады.
Бүгінгі күні біздің алдымызда үш міндет тұр, олар: бірінші – табиғатты, ондағы барлық жануарлар мен өсімдіктерді, құстарды сақтау, екінші – ғылыми-зерттеу жұмыстары, үшіншісі – аралдың экологиясын жақсарту мен экотуризмді дамыту. Қазір осы тарапта біраз жұмыс­тарды атқарып жатырмыз. Ең алдымен ғылымға мән беріп, ғалымдардың қорықты зерттеген ғылыми жұмыстарының басын қосып, екі топтама зерттеу еңбекті жарыққа шығардық. Одан кейін аймақ экология­сына арнап, халықаралық ғылыми конференция ұйымдастырып, оған Америка, Жапония, Ресейден белгілі ғалымдарды шақырдық. Сол жиында ғалымдар «Барсакелмес» мемлекеттік табиғи қорығы «ЮНЕСКО-ның биосфералық резерваты болуы қажет» деген ұсыныс айтылды. Бұл ұсыныс іске асып, көп ұзамай 2016 жылы Барсакелмес ЮНЕСКО биосфералық резерваттарының әлемдік жүйесіне енді.
Теңіздің арнасына тіршілік көзі келгеннен кейін өңірге халықаралық маңызы бар құстар ұшып келе бастады. Қазақстан Рамсар конвенциясына қол қойғандықтан ол құстарды қорғау мен сақтауға міндетті. Өйткені Барсакелмес биосфералық қорығы Арал теңізінің бассейнінде орналасқан. Сондықтан теңіз аумағындағы шөлді батпақ жүйелері мен жыл құстарының миграциялық бағыттарын сақтап қалу үшін маңызды аймақ саналды. Бұл ерекше статус­ты алуға халықаралық ұйымдармен бірге ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті мен Халықаралық Аралды құтқару қорының қосқан үлесі зор болды. Осы ретте айта кетейін, 1993 жылы Орталық Азия елдерінің басшылары Қызылорда қаласында бас қосып, сонда Халықаралық Аралды құтқару қоры құрылды. Қазір біз қандай жұмысты қолға алсақ та оны осы қормен бірлесіп атқарамыз.

АШЫҚ АСПАН АСТЫНДАҒЫ ЗЕРТХАНА

Биыл табиғи қорық аумағына тағы бір учаске қосылыпты деп естідік…
– Иә, жазда Қазақстан Үкіметі қаулысымен Сырдария өзенінің Солтүстік Кіші Арал теңізіне құяр сағасындағы «Дельта» учаскесі табиғи қорық аумағына қосылды. Кіші Арал теңізі қалпына келгеннен бері дәстүрлі балық шаруашылығы қайта дамыды. Көбінесе балық осы аумақта ауланады.
Үкімет 2017 жылы Табиғи экожүйелердi сақтау және қалпына келтiру мақсатында «Жасыл даму» бағдарламасына сәйкес аталған жерді қорғалатын аумақ құрамына қосу туралы шешім қабылдады. Алғашқы жоспар бойынша 7600 гектар жер кіруі тиіс еді. Дегенмен халық пікірлерін ескеріп, 20 тамызда тек балық уылдырық шашатын, құстар қонатын 2300 гектар жер біздің қорыққа кірді. Бұл жерлер жоғарыда аталғандай, халықаралық Рамсар конвенциясы тізіміне енген сулы-батпақты жерлердің құрамына кіреді.
– Аралға шетелдік ғалымдардың қызығу­шылығы бар екендігін байқаймыз, олармен байланыстарыңыз бар ма?
– Жалпы шетелдік ғалымдардың Аралға деген қызығушылығы жоғары деп айтуға болады. Өйткені жер бетінде Арал секілді суы тартылып, табаны тақырға айналған теңіз жоқтың қасы. Сондықтан да шетелдік ғалымдар мұндай өңірге келіп, зерттеу жұмыстарын жүргізуді жақсы көреді. Бейнелеп айтқанда, теңіздің тартылған табаны – ғалымдар үшін ашық аспан астындағы ғылыми лаборатория. Тоқсаныншы жылдардағы қиыншылық уақытында бізге АҚШ-тан, Германиядан ғалымдар келіп, теңіздің тұзы ұшып жатқан топырағы мен өсімдіктерге зерттеу жүргізіп, ол еңбектерін әлемдік деңгейде жариялап жүрді. Бірақ біз бұған қарсы емеспіз, дегенмен оның бәрі бір жүйемен жасалу керек. Мысалы, біз бір елге барып, ондай зерттеуді жүргізе алмаймыз. Сондықтан елімізде Арал теңізінің табиғаты мен экологиясын, Барсакелмес аралын тиянақты зерттейтін ғылыми орталық құрылса деп ойлаймыз. Сонда шетелдік ғалымдар өз бетімен келіп зерттеу жүргізбей, сол орталықпен бірлесіп жұмыс істегенде, оның тиімділігі артады.
– Қазір елімізде экологиялық туризмге ерекше мән беріліп отыр, бұл бағытта қандай жобалар қолға алынды?
– Қазақтың кең-байтақ жері өте бай, онда табиғаты әсем, таулы да, нулы аймақтар көп кездеседі. Алайда жер жүзінде жеті миллиард халық бар десек, соның ішінде арнайы Арал теңізін көргісі келетін туристер де жетерлік. Бірақ бізде оларды қарсы алып, жақсылап күтіп алатын инфрақұрылым жоқ. Әрине, олар бізден бес жұлдызды қонақ үй сұрамайды, дегенмен күні бойы теңіздің табанында құмға көміліп, шаң жұтып, шаршап келгенде қарапайым ғана жуынатын орын мен талапқа сай асханасы болуы керек. Сосын қонақтарға толық мәнді ақпарат беретін визит орталығы қажет. Шет мемлекеттерге барғанда осындай визит орталығын көріп жүрміз, одан туристер ақпарат қана алып қоймайды, сонымен бірге естелік ретінде сувенирлерді алып жатады. Біз осыны біліп тұрсақ та, қаржының тапшылығынан іске асыра алмай отырмыз. Әйтпесе, шетелдіктердің Арал теңізі мен Барсакелместі көруге ынталары күшті. Сонда да қарап отырған жоқпыз, «Құландар ізімен» деп аталатын экскурсиялық маршрутты дамытуды қолға алдық. Онда қонақтар «Қызыл кітапқа» кірген құландар мен қарақұйрықтарды көре алады. Сонымен бірге теңіз табанынан табылған Кердері-1, Кердері-2 қалашықтарын тамашалайды. Халық­аралық «Аралды құтқару» қорымен бірлесіп, Қамбаш көлінен маңайынан «Арал» деген ғылыми экологиялық орталық аштық. Болашақта туристердің бағыт-бағдарын осы орталық арқылы шешеміз деп отырмыз. Қазір «Халық­аралық Аралды құтқару» қорымен, ЮНЕСКО-мен бірлесіп инфрақұрылымды жетілдіру туралы жұмыс­тарды бастадық.

«ВОЗРОЖДЕНИЕДЕ» МӘСКЕУЛІК ҒАЛЫМДАР ЖҰМЫС ІСТЕДІ

– Бірде ғаламтордан Өзбекстанға қарасты Арал теңізінің құрғап қалған табанында қаусап тұрған кемелерді көрдім, біз де осындай «тірі» жәдігерлер сақталған ба?
– Бір жылы Өзбекстан мемлекеті Арал теңізінің экологиясына байланысты дүниежүзінен ғалымдарды шақырып, симпозиум өткізді. Сонда келген қонақтарды Мойнаққа апарып, теңіз табанында тұрған бес үлкен кемені көрсетті. Бізде бұдан да саны көп, алып кемелер болды. Бірақ қиыншылық жылдары, бір жағынан, сол кездегі Арал ауданы басшыларының мән бермеуінен, немқұрайлығы деп те айтуға болады, сол кемелердің темірлерін адамдар бөліп-бөліп кесіп әкеткен. Біз оны ұстап қалуға үлгере алмадық. Әрине, осы қылығымыз үшін ұяламыз. Өзбекстан оларды сақтап қалыпты. Мұның бәрі туристердің қызығушылығын туғызатыны анық. Жақында Халықаралық «Аралды құтқару қорының» басшысы Болат Бекнияз мырзамен бірге «Возрождение» аралына барғанда сол жерде 16 кеме тұр екен. Енді біз соны сақтап қалып, туризм кластері ретінде дамытсақ дейміз.
– «Возрождение» аралы туралы айтып қалдыңыз, осыған тоқталып өтесіз бе?
– Арал теңізінің аумағында мыңдаған шағын аралдар болды, соның ішінде он екі үлкен арал бар. Соның бірі – теңіздің батыс бөлігінде орналасқан, «Возрождение» аралы. Оны алғаш зерттеуші Алексей Бутаков сипаттап жазған. Кеңес өкіметі заманында бұл жерде мемлекеттік құпия ретінде орналасқан бактериялық қаруға жасырын сынақ жүргізетін лаборатория болған. 1972 жылы дүниежүзінде бактериологиялық қаруды қолданбауға халықаралық шешім қабылданса да, оны Кеңес өкіметі жабық жүргізді. Оны ешкім білмеді. Бұл аумаққа сол кезде Қазақстанның басшылары да кіре алмаған. Естуімше, онда Мәскеуден келген екі мыңнан астам ғылыми қызметкер жұмыс істеген, олардың арасында қазақстандық ғалымдар болды деген дерек жоқ.
– Халықаралық жобаларға қатысып, грантқа қол жеткізіпсіздер, соның шеңберінде қандай іс-шаралар жүзеге асты?
– Әрине, біз бірнеше халықаралық гранттарға қатысып, бағымызды сынап көрдік. Соның ішінде Қазақстандағы Жапон елшілігі мен бірлесіп жұмыс істеуге ынталы болдық. Өйткені олардың жобалары біздің көңілімізден шықты. Бірде жапондық ғалымдарға: «Сіздердің Аралға деген қызығушылықтарыңыз неден туды?» деп сұрағанымда, олар: «Адамзат өз табиғатына осылай салғырт қарап, жер бетінен теңіздің жоғалып кетуі – үлкен өкініш. Мұндай жағдай біздің де басымызға келуі мүмкін, сондықтан халқымызды осындай қателік жібермеуге үйретеміз» деп айтқаны бар. Жапония тарапынан ұсынылған «Шөптер тамыры» бағдарламасына қатыстық. Бұл бағдарламаның талабы өте қатал, сондықтан бірінші жылы одан өте алмай, екінші жылы жобамыздың жолы болып, сексен мың доллар жеңіп алдық. Бұдан бұрын Арал ауданының шеткі жағынан табиғи қорық қыз­меткерлеріне арнап кеңсе салғанбыз. Соның жанында бұрын құм карьері болды да, үнемі іргемізден құм мен шаң борайтын. Содан құтылу үшін кеңсе аумағындағы саябаққа жергілікті талдар мен жеміс ағаштарын отырғыздық. Оған жоба аясында сатып алынған тамшылатып суару технологиясын енгіздік. Нәтижесінде бір жыл ішінде жеміс ағаштары өнім берді. Сонымен қатар табиғи қорыққа күн, жел энергиясы орнатылды. Қысқасы, атқарған жұмыс та, іске асырамыз дейтін жобамыз да жетеді. Бастысы, еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, «Барсакелмес» мемлекеттік табиғи қорығы көркейе берсін дейміз!
– Әсерлі әңгімеңізге рақмет!

 

Қамқор болған «Жанұя»

$
0
0

Естеріңізде болса, қала тұрғындарына көмек көрсету үшін өткен жылдың жазында «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы ашылған еді. Қала әкімі Алтай Көлгінов орталықтың жұмысын Президент көмекшісі Тамара Дүйсеноваға таныстырды.

Орталықта қала тұрғындары тұрғын үй, білім беру, медицина, АӘК тағайындау, бизнесті ашу ­сияқты мәселелер бойынша кеңес ала алады. Сондай-ақ біліктілікті арттыру курстары өткізіліп, құқықтық және психологиялық көмек көрсетіледі. «Жанұя» орталығы тұрғындарға «бір терезе» қағидаты бойынша қол ұшын созады. Осы уақыт ішінде орталық 30 мыңнан астам адамның мәселесін шешкен.
«Халықтың әлеуметтік әлсіз топтарын қолдау – біздің негізгі басымдықтарымыздың бірі. Бюджеттің маңызды бөлігі әлеуметтік бағытқа бағытталады. Биыл пандемияны ескере отырып, бюджет шығындарды азайту жұмыстарын жүргіздік. Әлеуметтік салаларға қосымша 10 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылды. Бүгін «Жанұя» орталығында «Еңбегі жанған арулар» атты әйелдер форумына қатыстым. Онда жұмыс істейтін әйелдердің мәртебесін арттыру, әлеуметтік жобаларды кеңейту және қолдау мәселелері қаралды. Еліміздің іскер әйелдер қауымдастығының белсенді мүшелеріне алғыс хаттар табыс етілді» деп жазды Алтай Көлгінов.


Қазақ театрының қуанышы

$
0
0

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елордада салынған Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академия­лық қазақ музыкалық драма театрына барып, жаңа мәдени нысанмен танысып, өнер ордасының шығармашылық ұжымымен кездесті.

Шын мәнінде, бұл жұртшылықтың біраз жылдан бері асыға тосып жүрген қуанышы еді. Енді көрермендер Қаллеки театры әртістерінің өнерін әсемдігі келіскен жаңа сахнада тамашалайды. Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаев астана көшкелі қалада қазақ драма театрына жаңа зәулім ғимарат салып беруді ойластырғанын атап өтті.
– Баршаңызға шығармашылық жетістік пен табыс тілеймін. Бүгіннен бастап біз театрды ашық деп жариялаймыз. Оның құрылысына «Самұрық-Қазына» компаниясы арнайы қаражат бөлді. Мұнда барлық жағдай жасалған. Көрермендердің осы театрға қуана келетініне сенімдімін, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Театрдың жаңа ғимараты Тұңғыш Президенттің бастамасымен бой көтерді. Ғимараттың жалпы ауданы 22 мың шаршы метрден асады. Мұнда 635 орындық үлкен зал, 202 орындық камералық зал, арт-галерея, мейрамхана, салтанатты кездесулер залы орналасқан. Кездесу кезінде Елбасы театр әртістерімен бірге Ақан серінің «Қара торғай» әнін орындады.

 

Жұмекеннің жұлдызы

$
0
0

28 қараша күні аса көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан әнұраны авторларының бірі Жұмекен Нәжімеденовтің туғанына 85 жыл толды. Астананың жаңа әкімшілік орталығында ақынның атына көше берілген. Шәмші Қалдаяқов көшесінен басталып, ұзыннан-ұзақ «Нұрлы жол» вокзалына дейін кең көсіліп жатқан бұл көше А-62 көшесінде аяқталады. Ұзындығы – 5524,9 метр. Бұрынғы атауы – №23-11 желекжолы.«МЕНІҢ ҚАЗАҚСТАНЫМ» ӘНІ ҚАЛАЙ ЖАЗЫЛДЫ?

Шәмші мен Жұмекен өткен ғасырдың елуінші жылдарының соңына қарай «Менің Қазақстаным» әнін жазып, жаңа ғасырда бұл шығарма елдің әнұранына айналғаны бәріне белгілі. Осы тұрғыдан елордада қатар жатқан қос көшенің ақын мен композитор аттарына берілуі өте жарасымды шешім болды.
Айтпақшы, бұл көшелер «Мыңжылдық» аллеясының бойында орналасқан. Қаланың бас жоспарына сәйкес қазір осы көшелерді жағалай құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Бүгіндері Нәжімеденов көшесінде жаңа тұрғын үй кешендері бой көтерді. Болашақта бұдан сайын көбейеді. Баспана бағасы қолжетімді болады. Сонымен қатар аллеяда халық серуендейтін, демалысын өткізетін қоғамдық кеңістіктер, саябақтар мен шағын бақтар, тұрғындардың қажеттілігіне қарай әлеуметтік нысандар салынады.
Ал Шәмші мен Жұмекенді байланыстыратын шын мәнінде өлмес туынды тарихын композитор көзі тірісінде өзі туралы деректі фильм түсірген кинорежиссер Тілеген Ахметовке айтып берген. Шәмшінің естелігі Жұмекеннің болмысын да ашатындықтан, соны келтіре кеткен артық болмас.
«1959 жылдың аяғында «Менің Қазақстаным» деген әнді жазуға тура келді. Кезінде біздің солтүстіктегі бес облысымызды «Целинный край» қылып бөліп жатқан болатын… Бұл шу шығып, айқай шығып жатқан сол кезде жазылған ұран әніміз еді. Оның сөзін жазған – Жұмекен Нәжімеденов деген жас талантты қазақтың ақыны. Жұмекен екеуміз бірге оқитын едік. Ол домбырашы жігіт еді, консерваторияда оқыған. «Сенің кеудеңде қазақ деген қаның бар ғой. Сен әнге сөз жаз, мен әнін жазайын» дедім. Соны Жамал апа (Омарова – А.Қ.) қағып алды да, радиоға барып орындады. Радиодағы жігіттерге «күніне бір-екі рет беріп қо­йыңдар» деп айтып қойдық… Сөйтіп жүріп, өзімізше бір патриоттық іс қозғағандай болып, жерімізді біз қайтарып алғандай қуандық ішімізден» деген еді Шәмші.
Шынымен, ақын мен композитор елдің рухын көтеретін туынды жазып, мақсаттарына жетті. 1986 жылдың желтоқсанында қазақ жастары осы әнмен алаңға шықты. 2006 жылдың 6 қаңтарында Елбасы мәтінді өңдеп, өзінің Жарлығымен «Менің Қазақстаным» әнін Қазақстан әнұраны ретінде бекітті.

АҚЫН МЕН ҚАРАША АЙЫ

Жұмекеннің өмірбаянына үңілсек, қараша айы ақын өмірін айқындайды. Осы айда ол Атырау облысындағы Қошалақ құмының Ашақ деген жерінде дүниеге келіп, 48 жасына 6 күн қалғанда, 22 қараша күні Алматыда фәниден бақиға көше барды.
Балалық шағы Екінші дүниежүзілік соғысқа тап келді. Әкесі Сабыр майданға кетіп, содан оралмады. Сондықтан болашақ ақын атасы Нәжімеденнің бауырында өсіп, тәрбиеленді. Орта мектепті бітіргеннен кейін бір жыл орта мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берді. Содан кейін Қарағандыдағы №33/34 шахтада комбайнердің көмекшісі болып жұмыс істеді.

ҚАРАҒАНДЫ КҮНДЕРІ

Батыс перзентінің Сарыарқаға келу себебін жұмекентанушы Марат Азбанбаев былай тарқатады: «1955 жылдың қыркүйегінде Қарағанды қаласының шахтерлері бүкіл Қазақстан жастарына үндеу тастап, көмір өндіруге шақырған. Оған Жұмекен де алғашқылардың бірі болып 16 қыркүйекте «Шахтаға мен де барамын» деген өлеңімен үн қосты да, Қарағандыға аттанды».
Осы жерде шахтерлердің ән-би ансамблі құрамына қабылданып, 1956 жылы Мәскеуде өткен бүкілодақтық көркемөнерпаздар байқауына қатысады. Қорытынды концертте КОКП ХХ съезі делегаттарының алдында күй тартып, «Қараторғай» әнін шырқайды. Содан кейін оның өнеріне шахтаның кәсіподақ жетекшісі Әукебай Кенжин қолдау көрсетіп, Алматыдағы консерваторияға барып оқуға мүмкіндік жасайды. Жұмекен мен Шәмші дәл осы уақытта танысады. Ақын күйші Құбыш Мұхитовтың сыныбына қабылданып, одан төрт жыл дәріс алады.«КҮЙ КІТАБЫНЫҢ» ҚҰДІРЕТІ

Жұмекеннің көзін көргендер оның асқан күйші болғанын айтады. «1956 жылдың шуақты күнінің бірінде Жұмекенді Гұбайдолла Ержанов деген азамат маған алып келді. Ол өлең айтумен қатар домбыраны да бір кісідей тартады екен. Маған оның тартқан Мәменнің «Ақ шолпан», «Қайғылы қара» күйлері өте ұнады. Мұндай өнер талантын алмағанда кімді аламыз?!» деп еске алған еді кейіннен Қ.Мұхитов «Сегіз қырлы еді» атты естелігінде. Ұстазының бұл сөзі мен ақынның 1967 жылы шыққан «Күй кітабы» атты жинағы күйшілігіне көз жеткізеді. Онда ол күй атасы Құрманғазының, Дина Нұрпейісованың, Тәттімбеттің, Дәулеткерейдің, тіпті «Ақсақ құлан», «Нар идірген» секілді халық күйлерін поэзия тілінде шебер сөйлеткен.
Бірақ Жұмекен жұртқа күйші емес, ақын ретінде танылды. Өлеңді өндірте жазды. Соның ішінде балла­да, поэма секілді әдебиет­тің соқталы жанрларында өнімді еңбек етті. Сол жеміссіз емес еді. Ұлы Отан соғысының қасіреті туралы «Жоқ, ұмытуға болмайды!» деген дастандар жинағы үшін Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атанды.

ЖЫРЛАРЫНА БОЙЛАҒАН ЖОҚПЫЗ

«Бүгінгідей, эстрада мен космостың, химия мен футболдың заманында поэзия атқарар істің, поэзия көтерер жүктің зорайып, ауырлап көрген кезі жоқ шығар. Поэзия­ның жаңашыл жанр екені жалпыға аян. Ол жаңаның жаңасын, жақсының жақсысын кешегі күннің тәжірибесіне сүйене отырып, ертеңгі күнге естіртіп, соған өлшеп айтуға тиіс. Сонда ғана ол осы күні көп айтылып жүрген дәуір тынысы, уақыт рухы деген талаптар деңгейінен шыға алады» деп жазды ақын «Поэзия туралы» мақаласында. Осыдан оның өлең сөзге қояр талабы айқын көрінеді.
Осы уақытқа дейін ақын туралы аз айтылып, аз жазылған жоқ. Бірақ күні бүгінге шейін Жұмекеннің жырларына бойлаған жоқпыз. Біздіңше, ақынның шығармашылығы тереңдігімен, аңғарымпаздығымен, кішкентай көріністен көп нәрсені көре алуымен, тосын тіркестерімен, өлеңдерінің ерекше формасымен ерекшеленеді.
Абайсыз кеткен талайды,
Талайсыз өткен сөзіңді
Аяймын;
Заманға қарап – Абайды,
Абайға қарап – өзімді
Аяймын, – дейді ақын. Осы қысқа ғана өлеңінде түсінген адамға көп мағына жасырынып жатыр.

ҮШ РОМАН НЕМЕСЕ ПРОЗА ПАРҚЫ

Жұмекен поэзиямен ғана шектелген жоқ. Прозаға да қалам тартып, әдеби сын, аударма жанрларында да еңбектенді. Соңында «Ақ шағыл», «Кішкентай», «Даңқ пен дақпырт» атты үш роман, «Бетпе-бет», «Домбыра және көсеу», «Аспан шақырады» повестері мен ондаған әңгіме қалдырды.
«…Егер Жұмекен еш уақытта өлең жазбай, осы үш романды ұсынған автор ғана болса, сөз жоқ, қазақ прозасының төрінде тұрар еді. Жазушылар арасындағы асқар бел саналар еді…» деп жазды таяуда белгілі публицист Қайнар Олжай. Әріптес ағамыздың бұл сөзіне қосыламыз. Осы жағдай Жұмекеннің шығармашылығын әлі де зерттей түсу керек деген ойға жетелейді.

КҮНДЕЛІКТЕР НЕ ДЕЙДІ?

Ақынның артында күнделіктері де қалды. Жұмекен 1983 жылдың жазында ауруханаға түсті. Оның өмірі мен шығармашылығына арналған «Zhumeken.kz» сайтында осы кезеңдегі жазбалары енгізілген. «Мені жұрт қиын ақын санайды… Мен әу баста-ақ сюжетпен, оқиғамен сөйлеу­ге (немесе мысалдап деуге келер ме екен) бейімдеу едім. Желдің есіп, жапырақтың сылдырап тұрғанының өзіне – адами психология, мінез беруге тырысқаным өз алдына – оқиғалық сипат бердім» деп жазады соның бір жерінде өзінің шығармашылық лабораториясынан хабар беріп. «Жұрт ғұмыр бойы маған тиісіп келеді. Ал мен әлі жауап бергем жоқ. Еңбек! Жауаптың да, сұрақтың да көкесі – сол еңбек» дейді тағы. Өмір сауалдарына ақын жанкешті еңбегі мен жырлары арқылы жауап берді…

P.S.  Астанадағы Жұмекен Нәжімеденов көшесіне жақын жерде Ұлттық музей орналасқан. Онда ақынның пиджагы, галстугы, ­дипломаты мен портсигары сақталып тұр. Бұл жәдігерлерді 80 жылдығы тұсында қызы Әйкен «Музейге сый тарту» шарасының аясында тапсырған. «Жұмекеннің жұлдызы оның жырларын терең ұққандар көбейе түскен сайын биіктей береді» деп жазды көрнекті қаламгер Әбіш Кекілбайұлы. Біз соған тілектеспіз.

Бұқаралық спорт балаларды баулудан басталады

$
0
0

«Бұқаралық спортқа, дене тәрбиесіне және балаларға басымдық беру керек. Әр облыста, ірі аудан орталықтарында спорт үйірмелерін ашу қажет».

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ­Тоқаевтың
«Жаңа жағдайдағы Қазақстан:
іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауынан

Осы жылдың қорытындылары елордада 370 мыңнан аса адам жүйелі түрде дене шынықтырумен және спортпен айналысатынын көрсетті. Бұл қала тұрғындарының жалпы санының 31,7 пайызын құрайды. Балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде 8513 жеткіншек спортпен шұғылданады. Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық кеңесінің отырысында осыны мәлімдеген қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нариман Еламанов аталмыш саладағы жұмысты ұйымдастыру жайын баяндады.

ТЕГІН ЖАТТЫҒУЛАР НЕМЕСЕ «SMART SPORT» ҚОСЫМШАСЫ

– Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған тапсырмаларды орындау мақсатында 2021 жылдан бастап жұмысты жаңа бағдарлама шеңберінде жүргізуді жоспарлап отырмыз. Біріншіден, футбол, шахмат, стритворкаут, баскетбол, балалар фитнесі бойынша барлық аулаларда тегін жаттығуларды ұйымдастыру арқылы қаланың шет аймақтарын да дене шынықтыру және спортпен қамтымақпыз. Екіншіден, талантты балалар мен жасөспірімдерді анықтау үшін аула командалары арасында спорттық ойын түрлерін ұйымдастырамыз. Аула лигаларын тұрақты өткізу жоспарлануда. Үшінші мақсат – қарттардың бос уақытын ұйымдастыру үшін бағдарламаға скандинавиялық жүріс, йога, шахмат, дойбы бойынша тегін жаттығуларды енгізу. Төртіншіден, қала саябақтарында спортпен айналысу үшін жағдайлар жасалады. Соның ішінде санитарлық талаптарды сақтау мақсатында киім ауыстыру үшін жылдам құрастырылатын модульдік конструкциялар орнатылады. Бұларды Ботаникалық бақ пен Орталық саябаққа және қаланың үлкен саябақтарына салу жоспарланып жатыр, – деді Н.Еламанов.
Оның айтуынша, спортты дамыту мақсатында ақпараттық технологияларды енгізу де жоспарланып отыр. Қазір «Smart sport» мобильді қосымшасын тесттік режимде тексеру жүргізіліп жатыр. Бұл қосымшаны келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап толығымен іске қосу жоспарда тұр.

СПОРТТЫҚ ҚҰРАЛДАРДЫҢ ЖАҒДАЙЫ СЫН КӨТЕРМЕЙДІ

Спорт нысандарын жөндеу жұмысына тоқталған басқарма басшысының орынбасары «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасына үш нысан енгізілгенін мәлімдеді. Биыл «Қазақстан» спорт кешенін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде жөндеуге қол қойылды. Қазір жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмысы жүргізіліп жатыр. «Толқын» спорт кешенінде күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бүгіндері Жирентаев көшесінде орналасқан спорттық үрлемелі күмбез ауыстырылып жатыр. Бұл жұмыс желтоқсан айының аяғында аяқталмақ.
Қалалық қоғамдық кеңес бас қалада спортты дамыту жұмысы қалай жүргізіліп жатқанын зерттеді. Сол мақсатта бірнеше спорт нысанын аралады. Оның қорытындыларымен кеңес мүшесі Жанат Нұрғалиев таныстырды.
– Біз спорттық құралдардың жағдайы сын көтермейтініне көз жеткіздік. Оның біразы ескірген екен. Жаттықтырушылар құрамын жасақтаудан да проблемалар бар. Кейбір спорт секцияларында жаттығатын адамдардың саны шамадан тыс көп. Жаттықтырушылардың жалақысын көтеру – өзекті мәселе. Спорт нысандарының материалдық-техникалық базасын жасақтап, жақсарту керек. Мәселен, «Өндіріс» тұрғын алабындағы аула клубына барғанымызда, оның материалдық-техникалық базасы мүлде жасақталмағанын көрдік. Мұнда спорт құралдары мүлде жоқ екен. Сосын әдістемелік жұмыс жүргізілмейді. Бұл жағынан Білім басқармасы тарапынан көмек көрсетілуі керек, – деді Ж.Нұрғалиев.

ҮЙІРМЕЛЕР ҚОЛЖЕТІМДІ МЕ?

Қоғамдық кеңес 16 жасқа дейінгі балалары бар тұрғындар арасында әлеуметтік сауалнама жүргізген. Респонденттердің 37 пайызы балалары спортпен айналысатынын айтқан. Сұралғандардың осыншама пайызы балаларының спортқа қызығушылығы бар болса да, мүмкіндігі жоқ екенін жеткізген. Тұрғындардың сөзінше, отбасылардың 12 пайызы ғана тегін секциямен қамтылған. Ал ата-аналардың 75 пайызы балаларын ақылы спорт үйірмелеріне апаруға мәжбүр. Респонденттердің 65 пайызы қалада суда жүзу, волейбол, гимнастика секцияларын дамыту керек деп есептейді. Тұрғындардың 56 пайызы тегін үйірмелер туралы мүлде естімеген, ал 18 пайызы аталған үйірмелерге мүлде жүгінбейді. Тегін секциялар жайлы білетіндердің үлесі де осыншама пайыз. Көпшілігі бұған қатысты ақпаратты әлеуметтік желілерден алады екен. 33 пайыз бұл туралы дос­тардан, әріптестерден, басқа да таныстардан естіп білген.
– Спорт үйірмелеріне қатысатындар негізінен футбол, суда жүзу, баскетбол секцияларына барады. Бір секцияға қатысудың құны бір балаға 20 мың теңгеге дейін жетеді. Осы жағдайда көпбалалы отбасылардың балаларына ақылы үйірмелерге қатысу қиындық тудырады. Сұралғандардың көпшілігі үйлерінің маңайында спорт нысандарының жоқ екенін айтқан. Осыған орай спорт нысандарының қолжетімділігін арттыру үшін біз бірқатар ұсыныстарды әзірледік, – деді Ж.Нұрғалиев.

ШАҒЫН ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ-САУЫҚТЫРУ КЕШЕНДЕРІ КЕРЕК

Оның пікірінше, саябақтарда спортпен айналысуға жағдайлар тудыру керек. Астананың ауа райы қатал болғандықтан, қазір 7-8 ай көлемінде бұл жұмысты жүргізу мүмкін емес. Саябақтарда жылдың суық мезгілдерінде спорт инфрақұрылымы жасақталмаған. Сол себептен қысқы спорт түрлерімен айналысуға мүмкіндік жоқ. Қоғамдық кеңес «Оңтүстік-Шығыс» тұрғын алабы және қаланың шет аймақтарында, яғни, халық көп тұратын аудандарда шағын дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін салуды ұсынып отыр.
– Мемлекет басшысының Жолдауындағы тапсырмаларды орындау мақсатында балалар арасында бұқаралық спортты дамытуға бөлінетін бюджет қаржысын қайта қарау керек. Қазір қаланың Активтер мен мемлекеттік сатып алулар басқармасы «Алау» спорт кешені сияқты спорт нысандарына қаржы бөледі. Бірақ бұл нысандарда бұқаралық спортты дамытуға жағдай жасалмайды. Олар ұсынатын қызметтер, негізінен, ақылы болып келеді. Сондықтан бюджеттен бөлінетін қаржы шағын спорт нысандарының құрылысына бағытталуы керек. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік принциптері негізінде аталмыш жұмысты атқаруға дайын отырған азаматтар бар, – деді Ж.Нұрғалиев.

АУЛА КЛУБТАРЫН ДАМЫТУДЫҢ ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ БЕКІТІЛДІ

Ол аула клубтарын Білім басқармасының құзырына беруді ұсынды. Мұны қазіргі таңда бұл клубтарда әдістемелік жұмыс жоспары жасалмағанымен түсіндірді. Оның есептеуінше, осы мәселеге кешенді түрде келу керек. Яғни, адамгершілік, рухани тәрбие де берілуі тиіс.
Білім және ғылым министрінің мектептерде сабақтан тыс уақытта ақылы негізде спорттық секцияларды ұйымдастыру туралы бұйрығы бар екен. Осыны айтқан Ж.Нұрғалиев бұл бұйрықты орындау үшін қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасы жаттықтырушыларды тиісті жалақымен қамтамасыз етіп, осы жұмысты бақылауға алуы керек деп есептейді.
Жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бақытжан Жүнісбековтің мәлімдеуінше, биылғы ақпан айында аула клубтарын дамытудың 2023 жылға дейінгі тұжырымдамасы бекітілді.
– Аула клубтарын Білім басқармасы қарамағына беру мәселесін біз жақсы білеміз. Соңғы бес жылда осы мәселе бірнеше рет талқыланды. Алайда Жастар саясаты мәселелері басқармасының құзырында қалды. Биыл да қалалық мәслихат депутаттары аула клубтарының біздің басқарманың қарамағында қалуын бірауыздан мақұлдады. Тиісті тұжырымдаға сәйкес аула клубтарының материалдық-техникалық базасын жақсарту бойынша ұсыныстарды әзірледік. Жергілікті бюджеттен 14 аула клубына 114 миллион 867 мың теңге бөлінді. Бұл – аталмыш тұжырымдаманы жүзеге асырудың алғашқы көрсеткіштерінің бірі. Бір атап өтерлігі, 2015 жылдан бастап аула клубтары саны 6-дан 23-ке көбейді. Күні кеше ғана «Елорда жастары» атты 2023 жылға дейінгі бағдарлама жобасын дайындадық. Бұл бағдарламаның үлкен бағыты – денсаулық және бос уақытты ұйымдастыру. Алдағы үш жылда қосымша 15 аула клубын ашамыз. Соның негізгі бөлігі қаланың шеткі аймақтарында, соның ішінде спорт кешендері жоқ жерлерде ашылады. Біз осыған басымдық беріп отырмыз. Бұған қоса, аула клубтарының материалдық-техникалық базасын күшейту, қызметкерлерінің жалақасын көтеруден мәселелер бар. Олардың бәрі тиісті тұжырымдама аясында шешілетін болады, – деді Б.Жүнісбеков.

АҚЫЛЫ ҚЫЗМЕТТІ ҚАЛАЙ АЗАЙТАМЫЗ?

Қоғамдық кеңес мүшесі Владислав Сергеев спорт нысандарын сенімді басқаруға берудің тиімділігі қаншалықты болып жатқанын сұрады. Оған жауап берген Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нариман Еламанов «Барыс Арена» және «Астана Арена» сияқты нысандар Активтер және мемлекеттік сатып алулар басқармасының қарамағында екенін жеткізді.
– Белгілі бір нысанды күтіп ұстау көп шығынды қажет етеді. Сондықтан инвестор қосымша қаржыны тартады. Мәселен, «Барыс Арена» – өте үлкен нысан. Соның бассейні, басқа да спорттық жайлары қарамағымыздағы ұйымдарға ғана емес, белгілі бір спорт клубтарына да жалға беріледі. Әрине, нысанның 100 пайыз бізге тиесілі болғанын құптаймыз. Соған қуанар едік. Бірақ екінші жағынан, ақылы қызметті қалай азайтамыз? Нысандарды күтіп ұстау шығындарын ескерсек, олардың бәсекелестік ортаға берілгені де дұрыс шығар, – деді Н.Еламанов.
Қоғамдық кеңес төрағасы Сансызбай Есілов соңғы жиырма жылда елордада салынған ірі спорт кешендеріне балалардың қолжетімділігі нашар болып отырғанын айта келе, нысандарды сенімді басқаруға алған кәсіпкерлер тек қалталарын қампайтуды ойлайтындықтарын жеткізді.
– Бұл – бәріне белгілі жағдай. Төрт-бес бала тәрбие­леп отырған, орташа табысы бар отбасыларда балаларын ақылы спорт секцияларына беруге мүмкіндік жоқ. Бұқаралық спорт балаларды дене шынықтыруға баулудан басталады. Қалада балалар мен жасөспірімдер спортын дамытудың бағдарламасын әзірлеу керек. Қала тұрғындарының 30 пайызы спортпен айналысады деген көрсеткіш – өте төмен, – деген тұжырым жасаған С.Есілов өзі ұсынған бағдарлама кем дегенде бес жылға арналуы керектігін айтып өтті.

Спорт қолжетімді болуы тиіс

$
0
0

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов спорт федерациясы басшыларымен кездесу өткізіп, спортшыларды спорт нысандарымен, спорттық медициналық мекемелермен, киім-кешекпен қамту және басқа да мәселелерді талқылады.

«Қала тұрғындарына спортпен шұғылдану үшін қолайлы жағдай жасай отырып, кәсіби федерацияларды да қолдау қажет. Спорт федерацияларының басшыларымен кездестім. Бұл – жеңіл атлетика, велосипед спорты, үстел теннисі, таэквондо, шайбалы хоккей, футбол, баскетбол, каратэ-до және шығыс жекпе-жегі, садақ ату, арбалет және дартс, гандбол және т.б.
Спортшыларды даярлауда дайындық орны мен жабдықтар үлкен рөл атқарады. Жақында ашылған жеңіл атлетикалық манеж заманауи базада мықты атлеттерді дайындап шығаруға мүмкіндік береді. Қалада спорт нысандары жеткілікті, оларда жаттығу үшін спортшыларға қосымша сағаттар бөлеміз. Қала аудандарында спортпен айналысуға жағдай жасау үшін төрт ірі дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын жүргізіп жатырмыз. Көтерілген мәселелер жоспарға алынды» деп жазды қала басшысы өзінің инстаграм парақшасында.

Елбасы және қарудан азат әлем

$
0
0

Тұңғыш Президент күніне орай Нұрсұлтан Назарбаев Қоры және Әлемдік экономика және саясат институты бірлесе отырып халықаралық қауіпсіздік және жаһандық ядролық диалогты қайта бастау мәселелері бойынша халықаралық онлайн конференция өткізді. Бұл жиын Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылғы қарашада Астана клубының 5-ші отырысы барысында жария еткен ядролық қауіпсіздікті қолдайтын және ядролық қарудан азат әлемнің Жаһандық көшбасшылар альянсын (ЖКА) құру идеясын ілгерілетуді мақсат етті.

Конференцияда Астана клубының Консультативтік кеңесінің жетекші мүшелері, сондай-ақ сыртқы саясат және ядролық қауіпсіздік мәселелері саласындағы бірқатар көрнекті әлем саясаткерлері мен сарапшылары сөз сөйледі. Олардың ішінде: МАГАТЭ-нің бұрынғы бас директоры (1997-2009), 2005 жылғы Нобель сыйлығының лауреаты Мохаммед Эль-Барадеи, Финляндияның экс -президенті (2000-2012) Тарья Халонен, Мадрид клубының президенті, бұрынғы Словения президенті (2007-2012) Данило Тюрк, Ауғанстан Ислам Республикасының экс-президенті (2004-2014) Хамид Карзай, «Ядролық қаруды жою жөніндегі халық­аралық науқанның» атқарушы директоры (ICAN), 2017 жылғы бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты Беатрис Фин, Халықаралық қатынастар жөніндегі кеңестің вице-президенті (CFR) Джеймс Линдси, Ресейдің халықаралық істер жөніндегі кеңесінің (РХІК) бас директоры Андрей Кортунов, Халықаралық бейбітшілік институтының (IIP) вице-президенті, БҰҰ Бас хатшысының экс-орынбасары Ангела Кейн, норвегиялық Нобель комитетінің мүшесі Асле Тойе және басқа да беделді сарапшылар бар.
Тұңғыш Президент – ­Елбасы Нұрсұлтан ­Назарбаев онлайн-басқосуға қатысушыларға бейнежолдауын жіберіп, конференцияның негізгі спикері болды. Елбасы өз сөзінде ел Президенті қызметін атқарған кезінде саналы түрде сыртқы саяси қызметінің едәуір бөлігін ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу идеясына арнағанын ерекше атап өтті. Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның осы бағыттағы үлесіне, атап айтқанда, «тәуелсіздікке қол жеткізе отырып, Қазақстан ғаламшардағы қуаты бойынша төртінші ядролық қару арсеналынан өз еркімен бас тартқанына» тоқталды. Тұңғыш Президент «тарих бұл қадамның дұрыстығын растады – біз өзіміздің батыл үлгімізбен прогресс пен өркендеу жолында бейбіт жолмен жүруге болатындығын көрсеттік» деп атап өтті. Соңынан конференцияға қатысушыларға арнаған сөзінде: «Сіздер мен сияқты жаппай қырып-жоятын қарусыз әлемге ұмтылу идеясын сөзсіз қолдайтын танымал саясаткерлер мен беделді сарапшыларсыз. Әрине, бұл жол оңай болмайды және мұнда айтарлықтай кедергілер бар. Бірақ Теодор Рузвельт айтқандай: «Сіз қолыңыздан келетініне сенсеңіз, мақсатқа жетелеген жолдың жартысына жеттіңіз». Осыған орай, ядролық қауіпсіздік пен ядролық қарудан азат әлем үшін Жаһандық көшбасшылар альянсын құру туралы менің бастамамды қолдағандарыңыз үшін сіздерге ризашылығымды білдіремін. Бүгін біз қабылдаған ашық үндеу – бұл бағыттағы алғашқы практикалық қадам болып табылады» деді.
Конференцияны ашып, сөз сөйлеген Жаһандық қауіпсіздік институтының президенті Джонатан ­Гранофф Елбасының жаһандық ядролық қауіпсіздікті нығайтудағы рөліне тоқталып, былай деді: «Өз басым мұндай ауқымдағы шараға шақырту алу мен қатысуды зор мәртебе деп санаймын, Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл мәселедегі ең маңызды артықшылығы – іс-әрекетке негізделген моральдық беделі». Соңында Дж. Гранофф Жаһандық көшбасшылар альянсын құру бастамасы үшін Елбасына алғыс білдірді. Ол: «Біз адамзатты соғыс қаупінен біржола арылту үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек. Бұдан маңызды мақсат жоқ» деп сөзін түйіндеді.
МАГАТЭ-нің бұрынғы бас директоры, әлемдік Нобель сыйлығының лауреаты Мохаммед Эль-Барадеи ­Елбасы бастамасының табысты жүзеге асатынына сенім білдіре отырып: «Президент ­Назарбаев айтқандай: «Сене білу – бұл жарты жолдан өту», біздің барлығымыз осыған сенеміз деп ойлаймын» деді. Беделді саясаткер Тұңғыш Президенттің ядролық саладағы барлық бұрынғы жобалары мен бастамаларының қажеттілігін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, «Қазақстанның 2019 жылы жұмыс істей бастаған МАГАТЭ-нің төмен байытылған у­­ран банкін өз жерінде орналастыру ұсынысы бүкіл әлемдік қауымдастық үшін маңызы зор оқиға болды».
Нобель сыйлығының тағы бір лауреаты, «Ядролық қаруды жою жөніндегі халықаралық науқанның» (ICAN) атқарушы директоры Беатрис Фин Қазақстанның Ядролық қаруға жан-жақты тыйым салу туралы шартты ілгерілетудегі ерекше рөлін айқындады. Осы тұрғыда ол: «Осы Шартты күшіне енгізу процесіне қатысатын жетекші елдердің бірі бола отырып, Қазақстанның осы шарт бойынша жасаған ауқымды жұмысын тағы да бір рет атап өткім келеді» деп мәлімдеді.
Жиында сөз кезегін алған норвегиялық Нобель комитетінің мүшесі Асле Тойе ­Қазақстанның ядролық қаруды таратпау және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіндегі делдалдық рөлінің негізгі маңыздылығын еске салды.
«Менің ойымша, ­Қазақстан ұсынған мәселелердің маңызы зор. Бұл елдің мұсылман әлемі мен Батыс, Ресей мен Қытай арасындағы байланыстырушы буын ретінде әрекет етуге дайындығы көңілге үміт ұялатады. Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі болған кезде біз бұған көз жеткіздік» деді Асле Тойе.
Халықаралық бейбітшілік институтының (IIP) вице-президенті, БҰҰ Бас хатшысының экс-орынбасары Ангела Кейн Қазақстан БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық ету кезінде аса маңызды рөл атқарғанына назар аударды. Сарапшы Қазақстан басшылығы бұл мәселені қолдамаса, ­Нұрсұлтан Назарбаевтың мықты саяси және моральдық беделі болмаса, жаһандық деңгейдегі мәселенің шешімін табуы мүмкін болмайтынын айтты.
Конференцияға қатысқан сарапшылардың сөздерін қорытындылаған Мадрид клубының президенті және Словенияның экс-президенті Данило Тюрк: «Қазақстан – салыстырмалы түрде шағын ел бола тұра басынан бастап батыл дипломатиялық бас­тамасының арқасында тәуел­сіздікке қол жеткізген мемлекеттің тамаша үлгісі, осыны бағалаған жөн» деп атап өтті.
Конференцияда Ұлыбританиядағы танымал «FIRST» баспасы шығарған Британ-
Қазақстан қоғамының төрағасы Руперт Гудманның «Ұлт атасы: Әлем адамы. Көшбасшылық тарихы» кітабының тұсаукесері жасалды. Автор өз еңбегінің тұсаукесерінде: «Мен Тәуелсіздік алғаннан кейін бірден Қазақстанға алғаш рет келіп, Тұңғыш Президенттің басшылығымен ел басынан өткерген шын мәніндегі ерекше өзгерістерге куә болдым» де мәлімдеді. Ол Нұрсұлтан Назарбаев «ядролық қарусыз әлемнің нағыз қорғаушысы» болып табылатынын жеткізді. «Осы кітапты жаза отырып, мен бұл шын мәнінде ядролық сынақтарға байланысты өз халқының басынан өткерген қорқынышты тәжірибесі бүкіл адамзат үшін ескерту сигналы болуы керек деп сенетін адамның шынайы миссиясы екенін түсіндім. Бұл хабарлама, менің ойымша, қазір өткен конференцияның барысында тағы бір рет анық және айқын айтылды» деп қорытындылады сөзін Руперт Гудман.
Астана клубының Консультативтік кеңес мүшелерінің Жаһандық көшбасшылар альянсы жұмысын әрі қарай қолдау қажеттілігі туралы әлемдік көшбасшыларға арналған Ашық үндеуін (Open Call) қабылдауы конференцияның басты қорытындысы болды. Осылайша, қатысушылар құрамының деңгейі мен пікірталас сапасы бойынша өткен конференция 2020 жылы антиядролық саладағы ең елеулі әлемдік іс-шаралардың біріне айналды.
Бұл конференция ­Қазақстанның Тұңғыш ­Президенті Нұрсұлтан ­Назарбаевтың орасан зор халықаралық беделін, оның бастамалары әлемде кеңінен қолдауға ие болғанын тағы да бір рет растап, ядролық қарудан азат әлем құру мәселесін жаһандық деңгейде ілгерілетуге ықпал етуге себепкер болды.

Viewing all 2842 articles
Browse latest View live


<script src="https://jsc.adskeeper.com/r/s/rssing.com.1596347.js" async> </script>